GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

МЧС
Меню
Страницы
Министрлік туралы
Аймақтар
Комитеттер
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Департамент туралы
Все материалы
ТЖ профилактикасы
20 октября 2026
Қазақстанда «Жас құтқарушы» сыныптары ашылуда

  Қазақстан өңірлерінде өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Қарағанды қаласы мен Қызылорда облысында «Жас құтқарушы» мамандандырылған сыныптары ашылды. Онда оқушылар тіршілік қауіпсіздігінің негіздерін меңгеріп, құтқарушы мамандығымен танысады.

  Қарағанды қаласындағы № 4 жалпы білім беретін мектепте «Жас құтқарушы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сегізінші сыныптың 15 оқушысы ант қабылдады. Оқу кабинеті заманауи жиһазбен, LED-экранмен, кеңсе техникасымен, көрнекі оқу құралдарымен, альпинистік және құтқару жабдықтарымен, медициналық аспаптармен және өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған. Іс-шара аясында арнайы техника мен жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылып, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға арналған шеберлік сабақтары өткізілді.

  Қызылорда облысы Арал ауданының № 292 орта мектебінде тағы бір «Жас құтқарушы» сыныбы ашылды. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың қауіпсіздік саласындағы білімін арттыру, өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуді үйрету, сондай-ақ құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын қалыптастыру. Оқушылар өрт қауіпсіздігі қағидаларын, алғашқы медициналық көмек көрсету негіздерін және қауіпсіз мінез-құлық ережелерін меңгеріп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітеді.

  Жаңа сыныптарда оқушылар теориялық білім алып қана қоймай, мамандардың жетекшілігімен практикалық дағдыларды меңгеріп, құтқару бөлімшелерінің жұмысымен танысады және кәсіби мамандардың тәжірибесін үйренеді. «Жас құтқарушы» сыныптарының ашылуы – жауапкершілігі жоғары, өмірдің түрлі жағдайларына дайын ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды қадам. Мұндай бастамалар патриотизмді дамытуға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жастар арасында құтқарушы мамандығын насихаттауға ықпал етеді.

 

Кадр саясаты
19 октября 2026
ТЖМ-де Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті

  19 қазанда Төтенше жағдайлар министрлігінде кәсіби мереке – Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.

  Салтанатты жиынды Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов құттықтау сөзімен ашты. Ол барлық құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы адал қызметтің, батылдық пен жанқиярлықтың маңызын атап өтті.

  Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін азаматтық қорғау саласының түрлі бағыттарында қызмет ететін азаматтарды қоса алғанда, 13 қызметкер мемлекеттік наградалармен марапатталды.

  Сонымен қатар кәсіби мереке қарсаңында министрліктің, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 439 қызметкеріне ведомстволық наградалар табысталды. Олардың 48-іне мерзімінен бұрын бір саты жоғары арнайы атақтар берілді.

  Қазақстанның барлық өңірінде салтанатты іс-шаралар өтуде. Олар ТЖМ қызметкерлері мен ардагерлерін біріктіріп, маңызды мерекені атап өтуге және әрбір қызметкердің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегінің маңызын айқындауға бағытталған.

 

Кадр саясаты
19 октября 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырды

  Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді.

  – «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды, – деді Президент.

  Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.

  – Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.

  Мемлекет басшысы қазір еліміз түбегейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтіп, қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылғанына тоқталды.

  – Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, Озық, Күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Конституциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қорғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президенттің айтуынша, ұлтымыздың болашағына тікелей әсер ететін осындай іргелі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғырды.

  – Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекетіміздің стратегиялық міндеті саналады, – деді Мемлекет басшысы.

  Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс саласын дамыту үшін озық технологияларды енгізу және материалдық-техникалық әлеуетті нығайту маңызды екеніне назар аударды.

  – Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады, – деді Президент.

  Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.

  – Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік саласына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Ауыл құтқарушылары» бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президент қазіргі кезде құтқарушылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез келген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.

  – Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибелерді қолданып, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мектебінің озық дәстүрлерін нығайта отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жерлерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр, – деді Мемлекет басшысы.

  Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидаттар Конституциямызда көрініс тапқан. Ата заңымызда ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқығын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады. Осы орайда Президент қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын алға тартып, бейқамдық пен салғырттықты кез келген қоғамды артқа тартатын қасиеттер ретінде атады.

  – Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын айтты.

  – Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

  Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.

  Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мына азаматтар марапатталды:

  ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен

Базарбаев Қуанар Бекенұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы

Күлдіков Марат Мұхаметқалиұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы;

  Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Данияр Анри – Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары

Цуркан Алексей Викторович – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы» ММ бөлімінің бастығы, Ақмола облысы;

  «Құрмет» орденімен

Дзауров Тимирлан Мусаевич – «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС бас директоры, Алматы қаласы

Есмаханов Ерік Мейрамбекұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі департаменті директорының орынбасары

Нарзиева Елена Александровна – Төтенше жағдайлар министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы;

  «Ерлігі үшін» медалімен

Байдекенов Дархан Азаматұлы – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ бас құтқарушысы

Жалғасов Нұрсұлтан Қойшыбайұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы

Рысбаев Дархан Әсемқұлұлы – «Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКК құтқарушысы

Чеботкин Александр Петрович – «Бурундайавиа» Авиакомпаниясы» АҚ әуе кемесінің командирі, Алматы қаласы;

  «Ерен еңбегі үшін» медалімен

Аралбаев Әбдіхамит – «Оңталап» ШҚ директоры, Қызылорда облысы

Ибрагимов Жанат – «Ағайынды» ШҚ директоры, Абай облысы.

2026 жылғы 19 қазан

https://www.akorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaev-kutkarushylarga-memlekettik-marapattar-tapsyrdy-1993819

https://www.akorda.kz/kz/prezident-kutkaru-salasy-kyzmetkerlerin-memlekettik-nagradalarmen-marapattady-1994010

 

Кадр саясаты
19 октября 2026
Түркістан облысында «Құтқарушылар аллеясы» ашылды

  Түркістан қаласында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен қала тұрғындарының қатысуымен «Құтқарушылар аллеясының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.

  Салтанатты рәсім барысында құтқарушыларға алғыс айтылып, олардың еңбегі ерекше атап өтілді. Департамент басшылығы «Құтқарушылар аллеясы» естелік пен құрметтің символы екенін жеткізді. Бұл – қалалық инфрақұрылымның бір бөлігі әрі өмірін қоғамға қызмет етуге арнаған жандардың есімін ұлықтайтын орын. Аллеяның ортасында өрт сөндіруші мен құтқарушыға арналған ескерткіш орнатылған.

  Аллея күн сайын өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқаруға асығатын жандарға деген құрметтің символына айналды. Ол өзгенің өмірін сақтау жолында қаза тапқан құтқарушыларға деген алғыс пен ризашылықты білдіреді. Олардың еңбегі қоғам үшін аса маңызды. Құтқарушылар күн сайын өртпен күресіп, табиғи апаттардың салдарын жояды, адамдарды эвакуациялап, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Аллея олардың қызметіндегі әрбір сәттің маңызын және батылдығы мен жанқиярлығының арқасында қаншама адамның өмірі сақталғанын еске салып тұрады.

 

Кадр саясаты
19 октября 2026
Қазақстан ТЖМ әулеттері: ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мамандыққа адалдық

  Құтқарушы мамандығы батылдықты, жанқиярлықты және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуды талап етеді. Қазақстанның азаматтық қорғау жүйесінде бірнеше ұрпағы осы салада қызмет етіп келе жатқан отбасылар аз емес. Әкелер өз балаларына кәсіби тәжірибесін беріп, жауапкершілікке және таңдаған мамандығына адал болуға үйретеді. Бұл әулеттердің тарихы – ұрпақтар сабақтастығының, отбасылық құндылықтар мен құтқарушылардың күрделі еңбегіне деген құрметтің жарқын үлгісі.

  Қарабалиндер әулеті – қауіпсіздік күзетінде 100 жылдан астам еңбек өтілі. Әулеттің негізін қалаушы Алдаберген Қарабалин өртке қарсы қызметке 34 жылдан астам уақытын арнады. Ол Екібастұз қаласындағы қарауыл бастығынан бастап, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасарына дейінгі жолдан өтті. 2009 жылы азаматтық қорғау полковнигі атағымен еңбек демалысына шықты. Оның інісі Шоқан мен қарындасы Аягөз де өрт сөндіру қызметінде еңбек етті. Әулеттің кәсіби дәстүрін ұлы Есенжол Қарабалин жалғастырды. Ол 2003 жылдан бері өртке қарсы қызметте еңбек етіп келеді және бүгінде Павлодар облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметін атқарады. Есенжол ірі өрттерді сөндіруге бірнеше рет қатысып, спорттық жетістіктерімен танылған. Ол – өрт-құтқару спорты бойынша спорт шебері.

  Нүкішевтер әулеті – бір ғасырдан астам кәсіби тәжірибе. Бұл отбасының тарихы өртке қарсы қызметтің қалыптасуы мен дамуына тікелей байланысты. Сейтжан Нүкішев азаматтық қорғау жүйесінде 30 жылдан астам еңбек етіп, қатардағы қызметкерден облыстық өртке қарсы қызмет басшысына дейінгі жолдан өтті. Өрт сөндіру саласында 30 жыл еңбек еткен жұбайы Роза да оның қызметтегі қиындықтары мен жауапкершілігін бірге бөлісті. Бүгінде отбасылық дәстүрді ұлы Нұрлан Нүкішев жалғастырып келеді. Ол Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы қызметін атқарады. Ардагерлердің тәжірибесі мен мамандыққа адалдығы жас қызметкерлерді кәсіби тұрғыда тәрбиелеудің маңызды негізі болып отыр.

  Еңсебаевтар әулеті – адамдарға қызмет ету жолын таңдаған әке мен бала. Марат Еңсебаев өртке қарсы қызметтегі еңбек жолын 1997 жылы бастап, өрт сөндірушіден Есіл ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Оның басшылығымен бөлім жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, 2012 жылы «Үздік төтенше жағдайлар бөлімі» номинациясы бойынша республикалық байқауда бірінші орын алды. Әкесі таңдаған жолды ұлы Жасұлан да жалғастырды. Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріндегі қызметін аяқтағаннан кейін ол өрт сөндірушілер қатарына қосылды. Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласында жоғары білім алған Жасұлан отбасылық дәстүрді жалғастырып, төтенше жағдайлардан қорғау бағытындағы кәсіби білімін жетілдіруге ұмтылып келеді.

 Камиевтер әулеті – өрт сөндірушілердің үш буыны. Әулеттің негізін қалаған Рапиголла Камиев 1972–1985 жылдары өрт сөндіру қызметінде еңбек етті. Оның ұлы Талғат әке жолын жалғастырып, Алматы өрт-техникалық училищесін тәмамдады. Ол қарауыл бастығынан өрт сөндіру бөлімінің бастығына дейінгі қызметтік жолдан өтіп, ішкі қызмет майоры атағымен зейнетке шықты. Қызы Салтанат та өртке қарсы қызметте радиотелефонист болып 24 жыл жұмыс істеді. Бүгінде әулеттің дәстүрін немересі, азаматтық қорғау майоры Қуанбек Камиев жалғастырып келеді. Ол № 6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Қызмет жылдарында өрттерді сөндіруге қатысып, кәсібилігімен және қарамағындағы қызметкерлерге деген қамқорлығымен көзге түскен. Бұл отбасының тарихы мамандыққа деген құрмет пен қызметтік дәстүрлердің ұрпақтарды біріктіретінін көрсетеді.

  Шайкрамовтар әулеті – ерлік пен батылдықты ұрпаққа мұра еткен отбасы. Әулет басшысы Анвар Шайкрамов «Өрттегі ерлігі үшін» медалі мен «Құрмет белгісі» орденінің иегері, өмірін өртке қарсы қызметке арнаған азамат. Балалар интернатындағы өртті сөндіру кезінде ауыр жарақат алғанына қарамастан, ол қызметіне қайта оралып, мамандығына деген адалдығын көрсетті. Анвар Шайкрамов өртке қарсы қызмет ардагері жұбайы Елизаветамен бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Олардың ұлы Закир Жамбыл облысының мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Әулет дәстүрін немерелері Руслан, Мансұр және Назира жалғастырды. Солардың бірі Мансұр Шайкрамов өртке қарсы қызметте 20 жылдан астам еңбек етіп, Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары қызметін атқарады.

  Ережеповтер әулеті – кәсібилік пен қызметке адалдықтың үлгісі. Уәлихан Ережепов Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жүйесін жиырма жылдан астам уақыт басқарды. Көпжылдық еңбегі үшін ол II дәрежелі «Айбын» орденімен және көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған. Сонымен қатар жас мамандарды даярлауға елеулі үлес қосты. Әкесінің кәсіби жолын қызы Эльмира Ережепова жалғастырды. Өрт қауіпсіздігі саласында білім алған ол азаматтық қорғау полковнигі атанып, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. Бұл отбасында бала кезден еңбекқорлыққа, адалдыққа және жауапкершілікке ерекше мән берілген. Аталған қасиеттер Эльмираның мамандық таңдауына да негіз болды.

  Жарылғасыновтар әулеті – құтқарушылардың отбасылық командасы. Қанат Жарылғасынов азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2006 жылы өрт сөндіруші болып бастады. Кейін арнайы оқу орнын тәмамдап, офицер атанды және Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Боровской ауылында орналасқан № 9 өрт сөндіру бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Әкесінің үлгісінен шабыт алған үлкен ұлы Бахдияр да осы мамандықты таңдады. Ол ТЖМ Көкшетау техникалық институтын тәмамдап, бүгінде Қостанай облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасында аға лейтенант болып қызмет етеді. Бұл отбасы үшін құтқарушы мамандығы – жай ғана жұмыс емес, адамдар алдындағы жауапкершілік, өзара қолдау және көмекке әрдайым дайын болу. Әке мен бала бір гарнизонда қызмет етіп, отбасылық дәстүрді жалғастырып келеді.

  Кажкеновтер әулеті – ерлі-зайыптылар мен қызын біріктірген қызмет. Азамат пен Ләззат Кажкеновтер Қазақ КСР ІІМ оқу орталығында білім алып жүрген кезінде танысқан. Азамат өртке қарсы қызметте 28 жыл еңбек етіп, өрт сөндірушіден Ақмола облысы ТЖД бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің «112» бастығына дейінгі жолдан өтті. Ләззат 30 жылдан астам уақыт радиотелефонист және диспетчер болып жұмыс істеді. Ол оқыс оқиғалар туралы хабарламаларды қабылдап, тиісті бөлімшелерді шақыру орнына жіберумен айналысты. Отбасылық дәстүрді олардың қызы Айгерім Кажкенова жалғастырды. Ол Көкшетау қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде радиотелефонист мамандығын таңдады. Ата-анасының өнегесі жас маманға кәсіби шеберлігін шыңдап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға көмектеседі.

  Сағынаевтар әулеті – бірнеше ұрпаққа жалғасқан өрт сөндіру ісіне адалдық. Сағынаевтар отбасы Ақмола облысының Астрахан ауданында өртке қарсы қызметтегі әулеттердің бірі ретінде танымал. Әулеттің үлкен өкілі Балташ Сағынаев көптеген жыл бойы өртке қарсы қызметте еңбек етіп, зейнетке шықты. Оның інісі Жанболат Астрахан ауданының № 7 өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып қызмет атқарды. Әке жолын ұлы Саян Сағынаев жалғастырды. Әскер қатарындағы қызметін аяқтағаннан кейін ол азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасып, Астрахан ауданының № 19 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші болып еңбек етеді. Жанболаттың ұлы Қанат та отбасылық істі жалғастыруға ниетті. Осылайша, адамдарға қызмет етуге және оларды өрттен қорғауға деген ұмтылыс Сағынаевтар отбасының маңызды дәстүріне айналды.

  ТЖМ жүйесіндегі отбасылық әулеттер – бұл тек көпжылдық еңбек өтілі мен кәсіби жетістіктер ғана емес. Бұл – ең алдымен білім мен тәжірибенің сабақтастығы, өзара қолдау және жас қызметкерлерге құтқарушы мамандығын саналы түрде таңдауға үлгі болатын өнеге. Осындай әрбір тарихтың артында адам өмірі мен қауіпсіздігін басты орынға қоятын жандар тұр.

 

 

 

 

Кадр саясаты
19 октября 2026
Қазақстан ТЖМ спортшылары қоян-қолтық ұрыс бойынша Әлем кубогының медальдарын жеңіп алды

  Бурса қаласында (Түркия) қоян-қолтық ұрыс бойынша Әлем кубогының финалы өтіп, ТЖМ қызметкерлері жоғары нәтижелер көрсетті.

  Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар тоғыз медаль жеңіп алды: екі алтын, бір күміс және алты қола.

  «Жекпе-жек» дисциплинасында Айшағұл Елеубаева (ШҚО ТЖД) алтын медаль жеңіп алды. Қола жүлдегерлер: Төлебай Арман мен Казезов Ералхан (АГЗ), Хайруллина Аида (Атырау облысы ТЖД), Болатбек Сания (Қызылорда облысы ТЖД) және Ғалым Назерке (Астана қаласы ТЖД) болды.

  «Өзін-өзі қорғау» дисциплинасында Владимир Демьянов (Павлодар облысы ТЖД) алтын медаль жеңіп алды. Тукушев Өміржан (Астана қ.ТЖД) күміс жүлдегер атанды, ал қола медальді Қасымов Дархан (АГЗ) алды.

  Спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын лайықты нәтижемен құттықтаймыз және халықаралық жарыстарда одан әрі жеңістер тілейміз!

Кадр саясаты
19 октября 2026
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың Құтқарушылар күнімен құттықтауы

 Құрметті әріптестер, ардагерлер, қадірлі құтқарушылар!

  Сіздерді «Құтқарушы күні» кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Құтқарушы – қазіргі заман қаһарманы. Батылдық пен жанқиярлық қасиеттерге ие тұлға.

  Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен батылдықтарыңыздың арқасында талай адамның өмірі сақталып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде.

  Қазіргі таңда бірігіп, қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Президентіміз бен Үкімет тарапынан көрсетілген сенім мен қолдаудың арқасында бұдан да биік жетістіктерге жететінімізге сенімдімін.

  Қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан барлық әріптестердің есімдері мәңгі ел есінде. Жылдар бойы ісіне адал қызмет етіп, енді өздерінің бай тәжірибелерімен жас ұрпақты тәрбиелеп отырған ардагерлерімізге ерекше ризашылығымды білдіремін.

  Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халықтың игілігі мен қауіпсіздігі үшін атқаратын қызметте сәттілік пен табыс тілеймін.

Қазақстан Республикасының

Төтенше жағдайлар министрі

Мұрат Мұханов

Кадр саясаты
18 октября 2026
Адам өмірін құқтару жолында: ТЖМ авиациясының ұшқышы Бибихан Турусбекова

  Жетінші сыныптан басталған арман бүгінде биік мақсат пен үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандыққа ұласты. Бибіхан Тұрусбекова — ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 және Ка-32 тікұшақтарының екінші ұшқышы. Ол үшін авиация - бала күнгі арманын жүзеге асырудың және таңдаған ісіне адал болудың көрінісі.

  Бибихан Давлетбаевна ұшқыш болуды жетінші сыныптан бастап армандаған. Мектепті аяқтаған кезде болашақ мамандығын таңдауда еш күмәнданбаған. Осылайша, ол авиация саласында білім алып, Азаматтық авиация академиясын үздік тәмамдады. 2021 жылы ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-да еңбек жолын бастап, кәсіби қызметіне кірісті. Оның кәсіби жолы авиацияға деген қызығушылықтан басталып, адам өмірін сақтауға бағытталған жауапты қызметпен жалғасып келеді.

  Авиацияға келуіне әсер еткен себептердің бірі көптеген қалаларды көру мүмкіндігі. Алғашқы ұшуынан алған әсері әлі күнге дейін есінде. Оның айтуынша, әрбір ұшу ерекше сезім сыйлайды.

  ТЖМ авиациясының қызметі төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға, іздестіру-құтқару жұмыстарына және санитарлық авиация арқылы науқастарды тасымалдауға бағытталған. Мұндай міндеттерді орындау ұшу экипажынан жоғары кәсібилікті, мұқият дайындықты және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды талап етеді.

«Әр ұшу - өз алдына жауапкершілік. Әр рейсте сен тек өзің үшін емес, жолаушылар үшін де жауап бересің. Кей сәттерде ауа райына немесе жағдайға байланысты жедел шешім қабылдауға тура келеді. Бірақ ондай кезде эмоция емес, білім мен дайындық көмектеседі», - деп атап өтті кейіпкеріміз.

  Бүгінде ТЖМ авиациясында қызмет атқаратын Бибихан Давлетбаевна үшін таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілік пен алға қойған мақсаттары кәсіби жолындағы басты ынталандырушы күш болып табылады. Сонымен қатар жақындарының сенімі оған жігер береді.

  Турусбекова Бибихан Давлетбаевна өзінің кәсіби жолын ТЖМ авиациясымен байланыстырғанын мақтан тұтады. Өйткені мұндағы әрбір ұшу адамдарға көмек көрсетуге, қиын жағдайда қолдау білдіруге және адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды міндет. Оның таңдауы — бала күнгі арманына деген адалдықтың, ал қызметі — ел игілігі жолындағы жауапкершіліктің көрінісі.

Кадр саясаты
18 октября 2026
Адам өмірін құтқару жолында: кинолог Алмас Жандаулетов

  Түркістан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының кинологиялық бөлімшесін Алмас Түйтеұлы Жандаулетов басқарады. Ол қызметтік иттермен бірлесе отырып, іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды міндеттерді атқарып келеді.

  Кинологиялық есептоптың басты міндеті – төтенше жағдайлар кезінде жоғалған адамдарды іздестіру, құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру және зардап шеккендерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде табуға көмектесу. Бұл бағыттағы жұмыс қызметтік иттердің арнайы дайындығын, тұрақты жаттығуын және кинолог маманмен үйлесімді әрекет етуін талап етеді.

  Алмас Жандаулетовтің қызметтегі сенімді серігі – «Зена» есімді неміс овчаркасы. Күшік кезінен арнайы дайындықтан өткен Зена алты жылдан астам уақыт бойы кинологиялық есептоп құрамында қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында Түркістан облысының бірнеше ауданында өткен іздестіру-құтқару операцияларына қатысып, өзінің іздестіру қабілетін көрсетті.

  Кинологиялық есептоптың кәсіби дайындығы 2024 жылы өткен «Қазқұтқару-2024» республикалық оқу-жаттығуында да жоғары бағаланды. Аталған іс-шараға қатысқан 18 команданың арасынан Түркістан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының командасы үздік шығып, бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздар мақтау қағазы және кубокпен марапатталды.

  Кинологиялық бөлімшенің жұмысы – кәсібилік пен жауапкершілікті, үздіксіз дайындық пен өзара сенімді талап ететін қызмет. Оның басты мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, адам өмірін сақтап қалуға үлес қосу.

 

17 октября 2026
ТЖМ тұлғалары: Нұржан Каракөзев

  Халықтың қауіпсіздігі - алдын ала дайындық пен үйлесімді әрекеттен басталады. Осы ұстанымды басшылыққа алатын Нұржан Каракөзев азаматтық қорғау органында 15 жылға жуық уақыттан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде ол Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы қызметін атқарады. Бұл лауазымда 2021 жылдан бері еңбек етіп келеді.

  Азаматтық қорғаныстың басты міндеті - халықты төтенше жағдайлардан қорғау және ықтимал қауіптердің алдын алу. Бұл бағытта халықты құлақтандыру, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету және тиісті қызметтердің дайындығын үйлестіру маңызды. Мұның бәрі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болады.

  Осы міндеттерді жүзеге асыруда Нұржан Каракөзевтің кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті маңызды рөл атқарады. Ол азаматтық қорғаныс шараларын үйлестіруге және халықтың төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

  Осы бағыттағы жұмыстың маңызы 2019 жылы Арыс қаласындағы әскери бөлімде болған жарылыстар кезінде айқын көрінді. Шымкентке эвакуацияланған тұрғындарды қабылдау және орналастыру жұмыстары ұйымдастырылып, Нұржан Каракөзев қабылдау пункттерінің жұмысын үйлестіруге және штаб қызметіне жетекшілік етуге атсалысты. Бұл оқиға төтенше жағдай кезінде жедел шешім қабылдау мен үйлесімді әрекеттің маңызын көрсетті.

  Нұржан Каракөзевтің кәсіби қызметі азаматтық қорғау жүйесінің жұмысын жетілдіруге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтық қорғаныстың тиімділігі алдын ала дайындыққа, нақты үйлестіруге және әр қызметтің бірлесе әрекет етуіне байланысты.

Социальные сети
Youtube
Facebook
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы