
Өрттің ең көп таралған себептерінің бірі-отты абайсыз пайдалану.
2020 жылдың басынан бастап республика аумағында отты абайсыз пайдалану салдарынан тұрғын үй секторында 2 352 өрт тіркелген. Өрттер салдарынан 72 адам жарақат алды және 74 адам көз жұмды. Өткен демалыс күндері ғана осы себеппен 2 өрт тіркелді.
13 қыркүйек күні сағат 02:56-да Қостанай қаласында Чехов көшесіндегі тұрғын үйде өрт шықты. Бірінші қабаттағы баспалдақтың астында 2 бала арбасы мен велосипед өртенді. Өрт аумағы шамамен 1,5 шаршы метрді құрады. Өрт салдарынан үйдің бірінші кіреберісінде қатты түтін орын алды.
Уақытты жоғалтпай, өрт сөндірушілер баспалдақ маршы бойымен 34 адамды, оның ішінде 3 баланы эвакуациялады. Өрт сөндірушілер өрттің таралуына жол бермеді, сағат 03:06-да жануды жойды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Екінші өрт сол күні сағат 07.30-да Нұр-Сұлтан қаласында орын алды. Өрт сөндіру бөлімшелері Бұқарбай батыр көшесі бойынша шақыртуға шықты. Кіре берісте қатты түтіндеуге байланысты елордалық өрт сөндірушілер дереу азаматтарды эвакуациялауға кірісті. Өрт сөндіру барысында № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері 25 адамды эвакуациялады, оның ішінде 6 бала, 12 адам құтқарылды, оның ішінде 6 бала. Қаза болғандар жоқ, орташа ауырлықтағы улы газдан уланумен 1939 жылы туған әйел №1 қалалық ауруханаға және 2004 жылы туған қыз №2 қалалық балалар ауруханасына жатқызылды.
Өрт ас үй бөлмесінде орын алды, онда ас үй керек-жарақтары мен ішінара жиһаздар өртенді. Өрт сағат 07.49-да сөндірілді.
Құрметті азаматтар, отты абайсыз қолдану себебінен өрттердің алдын алу үшін:
- үйден шыққан кезде барлық электр және жылыту құрылғыларының өшірілгеніне көз жеткізіңіз;
- стандартты емес, қолдан жасалған және ақаулы электр жылыту құралдарын қолданбаңыз;
- зақымдалған розеткаларды пайдаланбаңыз;
- сіріңкелер мен тұтандырғыш құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз, балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- үйде жанғыш сұйықтықтар мен жарылғыш заттарды сақтамаңыз;
- балкондар мен лоджияларды жанғыш материалдармен, ескі жиһаздармен жаппаңыз;
- төсекте темекі шекпеңіз;
Есіңізде болсын! Өрт қауіпсіздігі шараларын мүлтіксіз сақтау ғана апаттың алдын алады!
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрлігі