ТЖ министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов заң жобасы өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталғанын айтты.
Министр атап өткендей, соңғы жылдары өрт нормаларын сақтамай, адамдар көп жиналатын объектілер мен биік ғимараттар салу жағдайлары жиілеп кетті, бұл кейіннен өрттер мен азаматтарымыздың қаза болуына себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты министрлікке биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар мен адамдар жаппай жиналатын объектілерді пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру өкілеттігі беріледі.
«Азаматтардың өрттен қорғау жүйелерін орнату бойынша сапалы қызметтер алуы мақсатында осы қызметті көрсететін ұйымдарға жекелеген талаптар қойылады: олардың тиісті білімдері мен қажетті жабдықтары болу керек. Өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда, адамдар жаппай жиналатын объектілерді сақтандыру жүйесі енгізілуде. Бұл ірі объектілердегі өрт қауіпсіздігінің деңгейін арттырады және зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеуге мүмкіндік береді», - деп ТЖМ басшысы атап өтті.
Арнайы техникалық шарттарды келісу бұрын Қазақстан Республикасының аумағында жобаланбаған ерекше параметрлері бар бірегей объектілерді жобалау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын елемеу фактілерін болдырмау мақсатында енгізіледі. Арнайы техникалық шарттарды келісу тәртібі, атап айтқанда қажетті құжаттардың тізбесі және қарау мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен кезең-кезеңімен регламенттелетін болады. Осы норманы енгізу өрт қауіпсіздігінің белгіленген талаптарын орындаудан негізсіз ауытқу жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.
Өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда, адамдар жаппай жиналатын объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін есептелген сақтандыру жүйесін енгізу азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасы шеңберінде көзделген.
«Бүгінде ерікті өртке қарсы құрылымдар елді мекендердегі қауіпсіздікті арттыруда маңызды рөл атқарады. Олар үшін материалдық ынталандыру шаралары қарастырылған. Бұл жарақат алған және қайтыс болған кезде төлемдер белгілеу, өрт сөндіруге қатысқанда жалақысын сақтау және негізгі еңбек міндеттерінен босату», - деп министр түсіндірді.
Осы Заң жобасы шеңберінде ерікті өрт сөндірушілер үшін әлеуметтік кепілдіктерді арттыратын нормалар көзделген. Бұл нормалар әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге және елдегі еріктілікті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде қоғамдық бірлестіктер нысанында 276 ерікті өртке қарсы құралым жұмыс істейді.