Ересек адамдардың қарауынсыз қалған кездегі балаларға қатысты оқиғалар Төтенше жағдайлар комитетін алаңдатады. Соңғы кезде ата-аналары көшеде немесе үйде жалғыз қалдырған балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың саны артты. Балалар үйде болған кезде, ең алдымен олардың ата-аналары қайғылы жағдайларды болдырмау үшін қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтауы керек. Әрбір ата-ана баланың қауіпті жағдайларға түсу қаупін азайту үшін қауіпсіздік шараларын білуі тиіс.
Өткен демалыс күндері елімізде балаларға қатысты 7 оқиға орын алды, оның ішінде 3 бала көз жұмып, 5 бала ауруханаға жатқызылды.
22 тамызда түнде Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының «Пригородное» саяжай қоғамы саяжай тұрғын үйінде қатты отынмен жанатын пештің ақаулығы, тазаланбаған мұржасы салдарынан 2017 жылы туған және 2012 жылы туған балалар улы газбен уланып, ауруханаға жатқызылды.
Пештерді пайдалану кезінде улы газбен улануды болдырмау үшін жылыту маусымы басталар алдында, сондай-ақ кемінде үш айда бір рет түтін мұржасын күйеден уақтылы тазалаңыздар.
22 тамызда кешкі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданында 14 қабатты көппәтерлі тұрғын үйде ересектердің қарауынсыз қалған 2016 жылы туған қыз бала 4-қабаттағы пәтердің терезесінен құлап, жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
22 тамызда Алматы облысы Алакөл ауданы Ақшы ауылы Алакөл көлінде гидроциклдің соқтығысуы салдарынан 2012 жылы туған бала бас жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды.
22 тамызда Павлодар облысы Баянауыл ауданы М. Жүсіп ауылында жеке тұрғын үйдің ауласында жеңіл автокөлік өртенді. Өрт салдарынан 2018 жылы туған қыз баланы күйік шалып, ауруханаға жатқызылды, ол кейін қайтыс болды. Өрттің алдын ала себебі-электр сымдарының қысқа тұйықталуы.
23 тамызда Алматы қаласы Наурызбай ауданында тұрғын үйдің ауласында өзінің абайсыздығынан тереңдігі 4 метр жертөле терезесіне арналған шұңқырға құлаған 2010 жылы туған ер баланы Алматы қаласы құтқару қызметінің күштері алып шықты, бала ауруханаға жатқызылды.
23 тамызда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында жеке үйдің ауласында ересек адамдардың қарауынсыз қалған 2016 жылы туған қыз бала тереңдігі 2,5 метр ашық құдыққа құлап, суға батып кетті.
23 тамызда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жеке тұрғын үйдің ауласында ересектердің қарауынсыз қалған 2012 жылы туған бала қолдан жасалған балалар әткеншегінде көз жұмды.
Құрметті ата-аналар балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыздар - бұл қауіпті!
ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі