Шымкент қаласының ТЖД брифинг өткізді

Шымкент қаласының ТЖД брифинг өткізді

Шымкент қаласының ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Э. Ережепованың қатысуымен жылыту маусымы бойынша қабылданған іс-шаралар туралы баспасөз брифингі өтті.

Адамдардың уланудан алдын алу мақсатында күнделікті үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. 7 мыңнан астам адамды қамтитын 3500 үй араланып, білім беру мекемелерінде 1000 оқушыны қамтитын 34 интерактивті сабақ өткізілді. Қала аумағында есепке алынған 2222 әлеуметтік жағдайы төмен отбасының барлығына 1 кезеңде үгіт насихат жұмыстары жүргізіліп, 3541 адамға қол қою арқылы жадынама парақшалары таратылды.  Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қайта аралау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Халықтың әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 81-ден астам газ талдағыш орнатылды.

Баспасөз брифингінде жылыту кезеңін қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныстар берілді. Олар:

- жылыту маусымы басталар алдында және жылу беру маусымы барысында түтін құбырларын, түтін мұржаларын және жылыту пештері мен жүйелерінің басқа элементтерін күйеден кемінде үш айда бір рет тазалау;

- электр сымдарына тексеру жүргізу, тозған және уақытша схема бойынша жүргізілген электр сымдарын ауыстыру жөнінде шаралар қабылдау;

- электр желілерін шамадан тыс жүктемеу. Үй-жайды жылыту үшін қолдан жасалыңған стандартты емес электр жылыту құралдарын пайдаланбау;

- пештерді қатты қыздырмау, жанғыш материалдарды, кірлерді жанып жатқан пештің үстінде кептірмеу;

- аула аумағын құрғақ шөптен және жанғыш қоқыстардан тазарту, күл жинау үшін қауіпсіз орынды алдын ала анықтау;

- балаларды үйде ересектердің қарауынсыз қалдырмау.

Шымкент қаласының ТЖД баспасөз қызметі