Су тасқыны жағдайы туралы ақпарат

Су тасқыны жағдайы туралы  ақпарат

Су тасқыны басталғалы бері ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында  тұрғындарды қарап,  медициналық көмек көрсетті. Көмекке жүгінгендердің жалпы саны 800-ге жуық адам. Қазіргі уақытта Апаттар медицинасы орталығының 7 бригадасы Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындарына көмек көрсетуде, сондай-ақ  ТЖМ психологтары эвакуациялық пункттерде азаматтармен жұмыс жүргізуде. Жедел желі телефонына 2 258 қоңырау түсті.

Осы сағатта республика бойынша 41 195 адам өз үйлеріне оралды. 6 377 адам эвакуациялау пункттерінде. Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 7 184 тұрғын үй мен 2 844 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды.

Атырау облысы бақылауда. Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жалғастырылуда. Су тасқыны жағдайының мониторингі дронның көмегімен жүзеге асырылады. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 17 мыңнан астам  адам, 1 759 техника, 270 су сору құралы және 167 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.

Елімізде республикалық және барлық өңірде облыстық жедел штабтар жұмыстарын жалғастыруда.