
Атырау облысының Құлсары қаласында жылжымалы сорғы станциясы мен мотопомпа көмегімен су басқан 356 үйден су сору жұмыстары жалғасуда. Түнгі сағат 12.00-ден бастап 148 мың текше метр су сорылды. Жайық өзеніндегі су деңгейіне сағат сайын мониторинг жүргізілуде.
Республика бойынша су тасқыны бастағалы бері 13,3 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 7,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. 7 089 жеке тұрғын үй мен 2 834 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды, 39 932 адам өз үйлеріне оралды. 6 546 адам эвакуациялау пункттерінде.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 17 мыңнан астам адам, 2 мыңға жуық техника, 291 су сору құралы және 202 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.
Эвакуациалық пункттерде Төтенше жағдайлар департаменттерінің, ТЖМ Апатар медицинасы орталығының психологтары мен медициналық қызметкерлері азаматтармен жұмыс жүргізуде.