Менің мамандығым – менің мақтанышым

Менің мамандығым – менің мақтанышым

Алтынбек Ерғожин еңбек жолын 2016 жылы Хромтау ауданы №20 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші қызметінде бастады. Қазіргі таңда №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі.

Алтынбек өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығы – әлемдегі ең қажетті және маңызды мамандықтардың бірі деп есептейді. Бұл мамандық – жоғары тәуекелді қажет ететін  маңызды қызметтің бірі. Оны игеру үшін белгілі бір жан күйі мен салмақты мінез-құлық  болуы керек. Сонымен қатар, өрт сөндіруші болу үшін дене шымыр, төтенше жағдайларда тез шешім қабылдай білу, уақтылы, тәртіпті және күйзеліске төзімді болу керек.

Бұл жанқиярлық мамандықтың өкілдерін құрметтемеу мүмкін емес. Алтынбек құтқарушы болу абыройлы деп есептейді. Жыл сайын ол дұрыс таңдау жасағанына көзі жетуде.

«Су тасқыны кезінде ең алдымен әріптестеріммен бірге Ақтөбе қаласындағы бау-бақша ұжымдарындағы халықты құтқару және эвакуациялау жұмыстарын жүргіздік. Қиындықтар әртүрлі болды. Кейде үйден өздігінен шыға алмайтын адамдар болды, оларды мен көтеріп шығардым. Өзім шамамен 40-қа жуық адамды қауіпсіз аймаққа эвакуацияладым», - су тасқыны кезіндегі атқарған құтқару жұмыстарымен бөлісті құтқарушы.

Қазіргі кезде құтқарушы Атырау облысы, Құлсары қаласында су сору жұмыстарын жүргізуде, оған дейін Батыс Қазақстан облысында жедел топпен бірге бөгетті нығайту жұмыстарын жүргізді.

Құтқарушы Алтынбек бос уақытында кітап оқу және футбол ойнағанды ұнатады.

 

Ақтөбе облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы