
Бүгін Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауржан Сыздықов Үкіметтің елдегі су тасқыны жағдайы жөніндегі отырысында сөз сөйледі.
ТЖ вице-министрі хабарлағандай, зардап шеккен елді мекендерге су жеткізу, энергиямен жабдықтау және көлік қатынасын қалпына келтіру мәселелері министрліктің үйлестіруімен жедел шешілуде.
Қазіргі уақытта Атырау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасуда. Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызған судың салдарынан батыста жағдай күрделене түсті, ал солтүстікте су Ақмола облысынан келіп жатыр.
Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеуде. Өңірлердегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
Құтқару және шұғыл жұмыстарды атқару кезінде алғаш рет жаңа әдістер мен тәсілдер енгізілді. Мысалы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында понтон көпірлерін орнату және тез арада су бұру арналарын салу әдісі қолданылды. Бұл шаралар көлік байланысын қамтамасыз ету мен су басу қаупін азайту мүмкіндігін берді.
Су басу аймақтарынан барлығы 119 мыңнан астам адам, оның ішінде 44 мыңнан астам бала алдын ала эвакуацияланды.
Су тасқынын жою жұмыстары басталғаннан бері шамамен 11,6 миллион текше метр су сорылып, 5 миллионнан астам құм қапшық төселді. Бүгінгі таңда су астында қалған 5 мыңнан астам тұрғын үй мен бір мың аула аумағынан су сору жұмыстары жалғасуда.
10 өңірге авариялық және шұғыл жұмыстарды үздіксіз жүргізу үшін көптеген арнайы техникалар мен басқа да мүліктер жедел броньнан шығарылды. Оның ішінде қуаттылығы секундына 500 текше метр жылжымалы сорғы станциясы, қазіргі уақытта олар Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында қолданылуда.
Бүгінгі таңда су тасқынын жоюға 32 мыңнан астам адам, 5 мыңға жуық техника, 310 жүзу құралдары мен 13 тікұшақ қатысуда.
Су қоймалары мен өзендерге мониторинг жүргізу жалғастырылуда, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су басу қаупін азайтудың барлық қажетті шараларын қабылдануда.
10 облыста жергілікті ауқымдағы 41 төтенше жағдай жарияланды. Қазір Абай және Павлодар облыстарының 3 ауданында олар алынды.