Атырау облысында су тасқыны кезінде құтқарушы ұлды болды

Атырау облысында су тасқыны кезінде құтқарушы ұлды болды

Қазіргі уақытта Атырау облысында қалыптасқан жағдайларға байланысты Жылыой ауданында су басу салдарын жою бойынша авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін Қызылқоға ауданында Ойыл өзенінің су деңгейі көтерілуіне байланысты, бөгеттерді нығайту, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілген болатын.

Осыған байланысты Атырау облысы ТЖД қарасты аумақтық бөлімшелерінің бірқатар қызметкерлері аталған аудандарға іс-сапарланған болатын.

Сол қызметкерлердің бірі - азаматтық қорғау кіші сержанты Жанасбаев Азамат Жанасбайұлы. Ол  Атырау облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Мақат ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі лауазымында 2022 жылдан бастап  қызмет атқарады.

Азамат Жанасбаев Мақат ауданында қызмет атқарса да, ағымдағы жылғы 5 сәуірден 13 сәуірге дейін Жылыой ауданында, ал 13 сәуірден бастап Атырау қаласының Береке ауылында бөгеттерді нығайту, су басқан аумақтарда қапшықтарды құммен толтыру жөніндегі жұмысқа белсенді қатысуда.

Сондай-ақ, Жылыой ауданында су басқан барлық тұрғын үйлерді аралап, тұрғындар мен олардың үй жануарларын эвакуациялауға көмек көрсетті.

Азамат Жанасбаев бүгінде ардақты ұл, сүйікті жар.  Жары Қалыгүл екеуі 2023 жылы отау құрған. Азамат өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген кезінде  11 сәуір күні Осман есімді тұңғыш сәбилері өмірге келді, ал отағасы болса өңірдегі тасқынға тосқауыл шараларының бел ортасында жүр.   

Сәбиімізге мықты денсаулық, бақыт, ұзақ өмір тілейміз. Аман - есен ер жетіп, елінің айтулы азаматы болсын! Біз осындай антына адал қызметкерлеріміз барын мақтан етеміз.

 

Атырау облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы