Өрт қауіпті кезең: Алматы ТЖД сақтық шараларын қатаң ұстауды ұсынады

Өрт қауіпті кезең: Алматы ТЖД сақтық шараларын қатаң ұстауды ұсынады

Алматы және Алматы облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 20 наурыздан бастап өрт қауіпті кезең жарияланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингі барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері баяндады.

Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин өткен жылдың өрт қауіпті кезеңінде қала аумағында жалпы ауданы 13 га жерде құрғақ өсімдіктердің жануының 300 оқиғасы тіркелді. Негізгі себептер  -тұрғындардың отпен абайсыз жұмыс істеуі және тұрмыстық қоқыстардың әсерінен (қалдырылған шыны бөтелкелер, шыны сынықтары және т.б.) құрғақ шөптесіндердің өздігінен жануы болды деп нақтылады.

Орман өрттерін ерте анықтау мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Медеу» табиғи паркі оптикалық-сенсорлық қондырғылар мен үш жылу бейнелеу камерасы арқылы өрт және түтіндену ошақтарын ерте анықтау бойынша орталықтандырылған бейнемониторинг жүйесін орнату бойынша жұмыстар жүргізді. «Іле-Алатау» ұлттық паркінде орталықтандырылған бейнемониторинг және ерте анықтау жүйесін орнату жоспарланған.

Мегаполис аумағында өрт қауіптілігі класы жоғарылаған кезде ТЖД қосымша шаралар қабылдайды-күштер мен құралдар қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылып, механикаландырылған күзеттер тұтануға  бейім учаскелерде қойылады.

«Алматының және оның айналасының табиғаты шын мәнінде бірегей екенін еске салғым келеді. Тек ортақ күш-жігермен ғана біз оны сақтап, көбейте аламыз», - деп қорытындылады Константин Канин.

Мегаполистің тұрғындары мен қонақтарына таулы-орманды жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелері еске салынды:

- өрт тудыруы мүмкін демалыс орындарында қоқысты қалдырмаңыз және өзіңізбен бірге алып жүріңіз;

- жанып тұрған сіріңкелерді, темекі тұқылдарын тастамаңыз, құрғақ шөпті күйдірмеңіз;

- от жағуға жол бермеңіз, осы мақсаттар үшін арналмаған жерлерде мангалдар мен басқа да тамақ дайындауға арналған құрылғыларды пайдаланбаңыз.

 

Алматы қ. ТЖД баспасөз қызметі