Жылыой ауданындағы су тасқыны жағдайы бақылауда. Құлсары қаласында су тасқыны басталғаннан бері Жем өзенінің су тасқыны 86 см-ге төмендегені байқалады.
Су тасқынының салдарын жою үшін 231 бірлік техника, 1198 жеке құрам, 18 бірлік жүзу құралы 19 бірлік мотопомпа жұмылдырылды.
Жылыой ауданында су тасқыны кезеңінде барлығы 36 416 адам, оның ішінде 8 353 бала эвакуацияланды. Олар Теңіз кен орнының аумағында, қалғандары эвакуациялау пункттерінде және туыстарының үйлеріне орналастырылды. Бүгінгі күнге дейін 19 мыңнан астам бас мал қауіпсіз жерге айдалды.
Жағалауды нығайту жұмыстары, су сору және халыққа көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.
Су тасқыны кезеңінде Құлсары қаласында 247 598 текше метр су сорылды, 170 000-нан астам қап, 180 000 астам тонна инертті материал төселді.
Тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдарды су басу аймақтарынан алдын ала эвакуациялау және құтқару бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Бүгінгі таңда Жылыой ауданына республиканың түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек келуде.
Сонымен қатар кеше түнде Қырғыз Республикасынан гуманитарлық көмек келді. Гуманитарлық көмекті тікелей тасымалдау және жеткізу әуе және жерүсті тәсілімен жүзеге асырылады. Жалпы келіп түскен гуманитарлық көмек 900 тоннаны құрайды.
Келіп түскен барлық гуманитарлық көмек Құлсары қаласына, сондай-ақ эвакуацияланған адамдар орналасқан Теңіз вахталық қалашығына жіберілуде.
Су басқан үйлердің тұрғындарынан және ұйым мен мекеме басшыларынан, бизнес субъектілерінен төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында су деңгейі толық төмендегенге дейін су басқан аумақтарға кірмеуін сұраймыз.
Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы