
Облыс бойынша 7 автожол учаскесі бақылауда. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы іс–шаралар жүргізіліп жатқан елді мекендердің (Ақтоғай-2, Тереңкөл – 2, Ертіс-3, Шарбақты-1,) 8 учаскесі бақылауда.
Қардың еруі, қатты нөсер жаңбырдың салдарынан қазіргі уақытта Ақтоғай, Шарбақты және Ертіс аудандарындағы 18 тұрғын үй су астында қалды.
3 сәуірде Ертіс ауданының Ұзынсу ауылын су басу қаупіне байланысты жергілікті атқарушы органдар автокөліктің барлық түрлері үшін "Атамекен-Ертіс-Русская поляна" республикалық маңызы бар автокөлік жолының учаскесінде қозғалысты жабу туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылында су деңгейіне мониторинг жалғасуда. Су тасқынына қарсы іс-шаралар Жалаулы ауылында да жалғасуда. Барлық жұмыс кезеңінде 1100 қапшық төселді, 270 тонна инертті материал әкелінді және төгілді, шамамен 60 мың текше метр еріген су сорылды.
Қазіргі таңда облыстың солтүстік аудандары ерекше бақылауда. Железин ауданы мен Тереңкөл ауданында елді мекендерден еріген қар суын бұру бойынша бөгеттерді толықтыру жұмыстары және арықтарды орнату әрекеттері жүргізілуде, мотопомпалар жұмыс істеуде.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 350 адам, 137 бірлік техника, 39 мотопомпалар, 2 жүзу құралдары жұмылдырылды. Бұл ТЖД, ЖАО, жол қызметі және Полиция департаментінің күштері мен құралдары.
Өткен тәулікте 90 мың текше метрден астам еріген су сорылды, 1200 дана қапшық төселді, 275 тонна инертті материал төгілді.
Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі