
2024 жылғы 28 наурыз күні су тасқыны жағдайын бағалау мақсатында Ақсуат және Аягөз ауданында «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағында аэровизуалды шолу жүргізілді.
Абай облысы әкімінің орынбасары Д.Гариков, Абай облысының ТЖД бастығы полковник М.Шапағатов және Ақсуат ауданының әкімі А.Смайылов бастаған жұмыс тобы Ақсуат және Аягөз аудандарының аумағын, Боғас және Аягөз өзендерінің арнасын және Тарбағатай жотасының тау бөктерін барлады.
Барлау барысында таудағы қар әлі де еріп жатқаны, Бұғас, Аягөз өзендеріндегі судың деңгейінің көтеріліп жатқаны, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында еріген судың жиналғаны анықталды.
Кіндікті және Уаң елді мекендерінің аумағына да барлау жүргізілді.
«Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағымен Кіндікті ауылының тұрғындары үшін азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті заттар мен дәрі-дәрмектер, сондай-ақ Кіндікті ауылынан Ақсуат ауылына 25 тұрғын, оның ішінде 4 бала жеткізілді.
Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі