Су тасқынының алдын алу жұмыстары

Су тасқынының алдын алу жұмыстары

Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысы аумағында көктем басында 147 елді мекен ерекше бақылауда болған болатын, бірақ бүгінде қар жамылғысын ескере отырып, 102 елді мекен  бақылауда қалып отыр (Орал қаласы және 8 аудан).

Елді мекендерден 850 мың текше метрден астам қар шығарылды, 356 шақырым арықтар мен каналдар, 1400-ден астам құбырлар тазартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

2-10 наурыз аралығында Орал қаласы және облыстың 5 ауданының 26 учаскесінде, жалпы ауданы 21 мың шаршы метрден асатын мұзды қопсыту бойынша жарылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жарғыш бригада қажет болған жағдайда мұз кептелісін жою үшін облыс орталығында кезекшілікте отыр.

Мұздың кептелісін алдын алу әдістерінің бірі – өзендердің бұрылыстарында мұзды кесу және ойық бұрғылау. Бүгінгі таңда 60 мың шаршы метр мұз кесіліп, 9 мыңнан астам ойық бұрғыланды, 36 мың шаршы метр аумақта қамыс шабылды.

Алдын ала дайындық және жедел шаралар қабылдау шеңберінде жергілікті атқарушы органдар 52 мыңнан астам құм салынған қап, қосымша 307 мыңнан астам қапшық, 24 мыңнан астам инертті материал дайындады.

Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды жою үшін облыс бойынша барлығы 1069 бірлік техника, 90 жүзу құралы, 439 мотопомпа және 4213 адам, оның ішінде департаменттен 63 бірлік техника, 36 жүзу құралы, 70 мотопомпа және жеке құрамнан 305 адам 4 бағыт бойынша жедел әрекет етуге дайын (1 бағыт – Теректі, Бөрлі және Шыңғырлау аудандары, 2 бағыт – Сырым және Қаратөбе аудандары, 3 бағыт – Бәйтерек, Тасқала, Казталов және Жәнібек аудандары, 4 бағыт – Ақжайық, Жаңақала және Бөкей ордасы аудандары).

БҚО ТЖД баспасөз қызметі