ТЖМ тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға шақырады

ТЖМ тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға шақырады

2024 жылғы 13 наурызда Төтенше жағдайлар министрлігінде тұрғын үй секторында өрттің алдын алу бойынша көшпелі брифинг өтті. Спикер болып ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев сөз сөйледі.

Министрлік бөлімшелері жыл бойы республика бойынша кең ауқымды үгіт-насихат іс-шараларын өткізеді. Азаматтарға жылыту жүйесі мен пештердің жөндеу тәртібі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Жылыту кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылады. Жыл сайын жылыту маусымы басталғанға дейін ТЖМ әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп, олардың санын анықтап, атаулы профилактика көрсету үшін есепке алады.

Пештерді және электр жабдықтарын пайдалану сақтау бойынша әдістемелік көмек көрсету үшін жыл сайын жылыту маусымы басталғаннан аяқталғанға дейін ТЖМ бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрғын үй секторында рейдтер мен үйлерді аралау жұмыстарын жүргізеді.

Азаматтарды өрттен қорғаудың бір әдісі – түтін туралы хабарлау құралдарын, яғни «өрт датчиктерін» орнату. Бұл құрылғылар адамға өрт қаупі төнген кезде қауіпсіздік шарасын қолдануға мүмкіндік береді.

ТЖМ-нің ұсынысы бойынша соңғы үш жылда тұрғын үйлерде жүз мыңнан астам дербес датчик орнатылды (әкімдіктер мен демеушілердің есебінен). Олардың іске қосылуының арқасында 71 азаматтың өмірі сақталды.

Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан жылыту маусымы басталғалы елімізде 2 890 өрт тіркеліп, 148 адам қаза тапты. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өрттің 9,6%-ға, адамдардың қаза болуының 6,3%-ға азайғаны байқалады.

Сіздердің өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтау үшін, ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды:

- мүмкіндігінше мұржаларды тазалап тұрыңыздар;

- зақымдалған немесе ақаулы электр құрылғыларын пайдаланбаңыз;

- пештерді шамадан тыс қыздырып жақпаңыздар;

- балалардың ашық отпен ойнауына жол бермеңіздер;

- кішкентай балаларды үйде үлкендердің қарауынсыз қалдырмаңыздар;

- газды тұрмыста пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаңыздар№

Газбен уланудың алдын алу үшін газ жабдықтарына уақтылы күтім жасауға, зауыттық жылыту пештерін пайдалануға кеңес береміз.

Брифингтен кейін коммуналдық қызметтерді, полиция мен волонтерлерді, сондай-ақ ТЖМ дауыс зорайтқыш құрылғысы бар техникасын тарта отырып, рейдтік іс-шаралар өткізді. Рейдтер барысында газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтау бойынша датчиктер орнатылды.