
Шәкәрім атындағы университетте «Орман өрттері – ХХІ ғасырдың жаһандық проблемасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысын «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КЕАҚ қолдауымен Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырды.
Конференцияға Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков қатысты. «Семей орманы МОТР» РММ, «А.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман және агроорман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» Алтай филиалы және Қазақстандағы және шетелдегі жоғары оқу орындарының басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Сондай-ақ, онлайн және оффлайн режимдерде Қазақстан, Ресей Федерациясы, Түркия және Болгария елдерінің жоғары оқу орындарының профессорлық құрамдары, факультеттердің декандары мен кафедра меңгерушілері қатысты.
Бұл тұрғыда, ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті Анықтау басқармасы бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев өз сөзінде ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, оның ішінде 2022 және 2023 жылдары болған ірі орман өрттерін ескере отырып, негізгі проблемалық мәселелерін қозғады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов өз сөзінде қатысушылардың назарын ормандардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне аударды. Ол өткен жылғы қайғылы зардаптардың қайталануын болдырмау, сондай-ақ, орман өрттерінің алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыру үшін алдағы өрт қауіпті кезеңге дайындықты тыңғылықты бастау қажеттігін атап өтті.
Конференция барысында қатысушылар шекаралас аумақтардағы орман алқаптарын уақтылы салу және орманды кесу, Семей қаласында «МИ-8» тікұшағын орналастыру, ормандарға қатысты нормативтерді қайта қарау, түтінді ерте анықтаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу, ормандарда шыққан өрттер жайлы ақпаратты уақтылы беру, минералданған жолақтарды уақтылы және сапалы салу, орманды тез қалпына келтіру, сондай-ақ, орманға қатысты өрт қауіпсіздігінің басқа да өзекті мәселелерін талқылап, қарастырды.
Конференцияның қорытындысы бойынша Абай облысының төтенше жағдайлар департаменті және «Шәкәрім атындағы университет» КЕАҚ арасында төтенше жағдайларды болжау және алдын алу саласы, сонымен қатар, халықты қорғаудың нысандарын, әдістері мен құралдарын жетілдіру, оның ішінде, инженерлік қорғау, эвакуациялау шараларын оңтайландыру, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен күресудің инновациялық технологияларын енгізу туралы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды және қаулы қабылданды.
Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі