
17 ақпан бойынша Абай облысында ауа райы әлі де қолайсыз.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Көкпекті және Жарма аудандарында енгізілген төтенше жағдай режимі өз күшінде.
Естеріңізге сала кетейік, Көкпекті ауданында желдің күшеюі, қарлы боран және жолдың көрінбеуі салдарынан "Байбура" асуындағы жолда жолаушылар мінген 70-тен астам көлік колоннасы кептелісте қалған. Авариялық-құтқару жұмыстары күрделі ауа райы жағдайларында жүргізілді.
Сонымен қатар, құтқару-іздестіру жұмыстары Аягөз, Абай, Ақсуат, Бесқарағай аудандарында да жүргізілді.
Қазіргі таңда Абай облысы аумағында азаматтық қорғау қызметі, жергілікті атқарушы органдар және полиция департаментінің күштері барлығы 395 адамды құтқарды, оның 19-ы балалар.
Көкпекті және Жарма аудандарында құтқарылған адамдар Жарма ауданындағы жылыту пункттеріне орналастырылды. Оларға Абай облысының төтенше жағдайлар департаментінің психологтары шұғыл психологиялық көмек көрсетті.
Сонымен қатар, төтенше жағдайларды жою штабы ұйымдастырылып, жұмыс атқаруда, апаттар басталғалы бері "сенім телефонына" 600-ден астам қоңырау келіп түскен.
17 ақпанның таңынан бастап Көкпекті ауданында апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілген жерде жолды тазарту және автокөліктерді қар құрсауынан босату жұмыстары жалғасуда, "Байбура" асуында әуеден барлау жұмыстары жүргізілуде.
Абай облысының жолдарындағы жағдай бақылауда.
Сонымен қатар, соңғы тәулікте төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері күшімен Абай ауданында жоғалған екі адам табылып, құтқарылды, Жарма ауданында босанған әйел жедел жәрдем қызметіне жеткізілді және Бесқарағай ауданында қарлы жолда қалған автокөліктегі 3 адам эвакуацияланды.
Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі