Жетісу облысында 68 адам эвакуацияланып құтқарылды

Жетісу облысында 68 адам эвакуацияланып құтқарылды

16 ақпан күні Алакөл ауданы Бұлақты ауылының маңында 1959 жылы туған Қытай Халық Республикасы азаматын іздестіру жұмыстары жүргізілді, ол сағат 05:00-де мал жаюға шығып, жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Ақши аулы Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Азамат Нұрмұхамбетов, Еламан Ахметқалиев, Алмас Ибраев пен полиция қызметкерлері дереу шықты. Сағат 17:35-те малшы Бұлақты ауылының маңында орналасқан теміржолдың рельстерінде тұрған вагонның ішінен табылды. Азаматтың қолдары мен аяқтары үсіп қалған. Полиция қызметкерлері күштерімен Үшарал қаласындағы орталық аудандық ауруханаға жеткізілді.

Сонымен қатар, сол күні сағат 21:15-те «Сарыөзек-Көктал» облыстық автожолында қар құрсауынан 67 адам, оның ішінде 2 бала және 1 жүкті әйел құтқарылды.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Қанатбек Баймендинов, Азамат Сейітқұлов, Бекзат Бейбітұлы, Әлішер Мәлікұлы, Әли Маратұлы, Айбек Айдарұлы дереу аттанды. Сағат 21:15-те қабылданған шаралармен 67 азамат эвакуацияланып, “Алтын-Емел” асуындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Медициналық көмек қажет емес еді. «Қазавтожол» күштері қар құрсауында тұрып қалған автокөліктерді «Алтын Емел» асуына сүйреп апарып, одан кейін азаматтар өз бағыттарын жалғастырды. Бұл азаматтар автожол жабылмай тұрып осы бағытқа шығып кеткен.

Азаматтардан ауа райының өзгеруін бақылап, алыс сапарға шыққанда сақтық шараларын сақтауды сұраймыз. Өңіріңіздегі дауылды ескертулер және басқа да төтенше жағдайлар туралы ақпаратты жылдам алу үшін Darmen мобильді қосымшасын тегін жүктеп алуға болады.

 

 Жетісу облысы ТЖД баспасөзқызметі