Төтенше жағдайлар министрі жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды

Төтенше жағдайлар министрі жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды

2024 жылғы 14-15 ақпанда ТЖ министрі Чингис Аринов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды, онда бірқатар іс-шаралар өтті.

Жұмыс сапары барысында министр аумақтық бөлімшенің жұмысымен танысып, ТЖ және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменттерінің жеке құрамымен кеңес өткізді.

Сонымен қатар, министр өрт сөндіру бөлімдерінде және жедел-құтқару жасағында болып, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті өмірі мен жұмысын көрді, олармен әңгімелесіп, кинологиялық қызметтің жұмысымен танысты.

Министр Чингис Аринов Қызылорда облысының әкімі Нурлыбек Налибаевпен бірге Тасбөгет кентінде орналасқан су торабына барды. Ол елді мекендерді су басу қаупін азайтуға, су тасқынының алдын алуға, Сырдария өзенінің ағынын реттеуге, суармалы жерлерді, шабындық және жайылымдық жерлерді сумен жабдықтауды жақсартуға арналған.

Министрдің облыс әкімімен кездесуі барысында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, жаңа өрт станциясын, жаңа өрт депосын салу, өрт сөндіру бөлімдерін материалдық-техникалық жарақтандыру және жөндеу мәселелері талқыланды. 

Бұдан әрі ТЖМ басшылығы су тасқыны жағдайын бақылау үшін Сырдария өзенінің арнасына аэровизуалды тексеру жүргізді. Қазіргі уақытта су деңгейі төмен, жақын маңдағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ.

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі