Елордада жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

Елордада жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

14 ақпанда елордада Көктал шағын ауданында орналасқан №24-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ашылуы өтті. Салтанатты ашылу және  кілтті табыстау рәсіміне ҚР Төтенше жағдайлар министрі Чингис Аринов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, елордалық ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.  

Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынған жаңа екі қабатты өрт сөндіру бөлімінің жалпы аумағы екі гектарды құрайды. № 24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі радиусы  55 мыңға жуық халық саны  бар – «Көктал-1» және «Көктал-2» тұрғын алабы.

Жаңа өрт сөндіру депосында негізгі және арнайы мақсаттағы сегіз бірлік техника бар, бұл автоцистерна, жылдам әрекет ететін автомобиль, биіктігі 32 метр автосаты.

Өрт сөндіру бөлімінің негізгі ғимаратында төрт шығуға арналған бокс, қызметтік кабинеттер, кеңес залы, оқу мұнарасы, спорт және ойын алаңы орналасқан. Сондай-ақ, депо аумағында елордалық гарнизон қызметкерлері үшін 18 қызметтік пәтерге арналған жатақхана қарастырылған.

ТЖМ басшысы жаңа депо халық пен қала аумағының қауіпсіздік деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

ТЖ министрі бұл өрт сөндіру депосы үлгі болатынын, онда өрт сөндірушілердің қызмет өткеруіне, кәсіптік даярлығына және тұруына барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Ондай жағдай кейбір бөлімшелерде жасалмаған. Жеке құрамға сеніп тапсырылған мүлікке ұқыпты қарап, Астана қаласы ТЖД басшылығына оның орындалуын бақылауға алуға тапсырма берілді.

Министрлік әкімдікпен бірлесіп жаңа қоныстанушыларға тұрмыстық техника сыйлап, оны сатып алуға сертификаттар табыстады.

Сонымен қатар, ТЖ министрі қала әкімімен тозығы жеткен өрт cөндіру ғимараттарын күрделі жөндеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық жай-күйін жақсарту жөніндегі жұмыс жалғастырылатыны атап өтілді.

Бүгінгі күні Астана қаласының өрт қауіпсіздігі 16 бөлімшенің күшімен қамтамасыз етіледі. Өрт сөндіру қызметінің қаруында 200-ден астам өрт сөндіру автотехникасы бар, күн сайын жеке құрамның 250-ге жуық адамы тәуліктік кезекшілікке түседі.