
Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйесін дайындау, сондай-ақ су тасқыны қаупі жағдайында облыс тұрғындары мен аумақтарын қорғауды ұйымдастыру бойынша басқарушылық шешімдерді пысықтау мақсатында 2024 жылғы 8-9 ақпан аралығында «Көктем-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілуде.
«Көктем–2024» РКШО өткізу орталығы болып Қаратал ауданы белгіленді, онда Қаражиде ауылының маңында Қаратал өзені арнасының учаскесін нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Кіріспе тапсырмаға сәйкес таулы жерлерде қардың еруі және Қаратал мен Көксу өзендерінің бастауындағы судың ұлғаюы салдарынан Қаратал өзенінің орта ағысында су көлемі 500 текше метрге жетті. Қаратал ауданының Тастөбе және Қаражиде ауылдарын су басу қаупі туындады, онда 364 тұрғын үй орналасқан және 1864 адам тұрады.
Жергілікті іске қосуды хабарлау жүйесінің құралдары бойынша төтенше жағдай туралы халықты хабардар ету дереу ұйымдастырылды, сондай-ақ құлақтандыру дауыс зорайтқыш құралдарымен жарақтандырылған хабарландыру автомобилімен және полицияның жедел көлігімен жүргізілді.
Су басу аймағына кіретін тұрғындар Сарыбұлақ ауылының бастауыш орта мектебінде орналасқан жақын маңдағы қауіпсіз эвакуациялау пунктіне 70 адамнан тұратын мектеп автобустарымен шұғыл эвакуацияланды, онда жатын орындармен және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Барлау жүргізу барысында жағадан кесілген аралда 2 кәмелетке толмаған жасөспірім болды. Жедел құтқару жасағының қызметкерлері дереу аспалы өткел ұйымдастырды және альпинистік арқандардың көмегімен жасөспірімдерді жағаға аман-есен жеткізді.
Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде жоғарыда аталған ауылдарды су басу қаупі азайды, өзеннің қауіп төндіретін сол жағалауы топырақпен толтырылды, оң жағалауда 250 метр үйінді дамба тұрғызылды, өзеннің бұрылған арнасын тереңдету жүргізілді, жабық арнаға су қысымын азайту үшін бір шпор орнатылды.
Аталған оқу-жаттығуға Қаратал ауданының азаматтық қорғау қызметтерінің 12 құрылымы, сондай-ақ жеке құрамы 114 адам және 54 бірлік техникасы бар ауданның ауылдық округтерінің ерікті құрылымдары қатысады.
Облыстың барлық аудандық және қалалық бөлімшелері "Көктем–2024" РКШО өткізу жоспарына сәйкес су тасқыны түріндегі қауіпті маусымдық құбылыстарға ұшыраған нақты проблемалық учаскелерге байланыстыра отырып, практикалық іс-шараларды пысықтады.
Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі