Автожолдарда 197 адам құтқарылды

Автожолдарда 197 адам құтқарылды

Күнделікті профилактикалық іс-шараларға, дауылды ескертулер туралы хабарламаларға қарамастан, республиканың автожолдарында осы тәулікте қар құрсауында қалғандар көп болды.

2024 жылғы 1 ақпанда Түркістан облысының Бәйдібек және Түлкібас аудандарындағы таулы аймақтарда бұрқасын жел басталып, температура төмендеді.

Осы аудандардың аумағында көрінудің шектелуіне байланысты Батыс Қытай-Батыс Еуропа, Қошқарата-Жарықбас-Бірлік, Шаян-Ағыбет-Шақпақ, Көксаек-Ақсу-Мыңбұлақ бағытындағы жолдар жабылды.

Жолда тұрып қалған адамдардан көмек туралы хабарламалар келе бастады. Түркістан облысының шақыруға шыққан құтқарушылары жүргізілген жұмыстар барысында 156 адамды, оның ішінде 17 баланы құтқарды, сондай-ақ жеңіл автомобильдер мен жүк көліктерін қар құрсауынан шығаруға көмек көрсетті.

Сондай-ақ, Жамбыл облысында 2024 жылғы 31 қаңтардан бастап ауа-райының нашарлауына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың кейбір учаскелері шектеліп, жабылды.

Жамбыл облысы ТЖД бөлімшелері Жуалы және Сарысу аудандарындағы автожолдардың жабық учаскелерінде автомобильдерден 41 адамды құтқарды, жолдың тазартылған учаскесіне 5 автомобиль сүйрелді. Құтқарылғандар жылыту пунктіне жеткізілді.

Жамбыл және Түркістан облыстарының ТЖД-да ақпараттық және психологиялық көмек көрсету үшін жедел штабтар мен "жедел желі" телефонының жұмысы ұйымдастырылды. Ықтимал төтенше жағдайларға уақтылы ден қою үшін күштер мен құралдар жоғары дайындыққа келтірілді.

Қыс мезгілінің басынан бастап ТЖМ бөлімшелері 9000-нан астам адамды құтқарып, эвакуациялады. Қар құрсауынан 1200-ден астам техника шығарылды.

ТЖМ қолайсыз ауа-райы жағдайында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігін еске салады.

Алыс қашықтыққа, әсіресе түнде және дауылды ауа-райында серуендеуден және жаяу жүруден аулақ болыңыз.

Жолдардағы ауа-райы жағдайлары мен көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты қадағалаңыз.

Төтенше жағдай немесе оқыс оқиға туындаған жағдайда "112" нөміріне қоңырау шалу қажет.