
Атырау облысында алғаш рет «Жас құтқарушы» сыныбының салтанатты ашылуы өтті
Іс-шараға азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, Атырау қаласы әкімінің орынбасары, Атырау қаласы ТЖБ басшылығы мен қызметкерлері, білім бөлімі өкілі мен мектеп ұжымы қатысты.
Жас құтқарушы сыныбын құрудың мақсаты табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар кезінде жедел дұрыс шешім қабылдау білімі мен дағдыларын дамыту, өрт қауіпсіздігі саласындағы алдын алу, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету бөлігінде жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу болып табылады.
Өз кезегінде Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы азаматтық қорғау майоры Ғабит Бабаев «Жас құтқарушылар» сыныбының облыс бойынша алғаш рет Атырау қаласындағы Қ.Қайсенов атындағы №33 орта мектепте ашылып жатқанын тілге тиек етті. Сыныптың пайдалануға берілуіне қолдау көрсеткен білім бөліміне, құтқару құрал-жабдықтарымен жабдықтаған мектеп ұжымына алғысын жеткізіп, жас құтқарушыларға куәлік табыстады.
Азаматтық қорғау органдарының ардагерлері Сабырғали Досмағанбетов пен Айнагүл Жадырасинова «Жас құтқарушы» сыныбының лентасын қиып, салтанатты түрде ашып, жас құтқарушыларға сәттілік тіледі.
Негізінен, төтенше жағдайлар саласында жұмыс істеуге талабы бар оқушылар саны жыл санап артып келеді. Енді мектеп оқушылары осы саланың қыр-сырын кәсіби тұрғыда меңгеретін болады.
Атырау облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы