Орман мекемелерінің қызметкерлерін оқыту

Орман мекемелерінің қызметкерлерін оқыту

Табиғи өрттердің алдын алу және жою жүйесін дамыту шеңберінде ТЖМ мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірлескен бұйрықтарымен орман саласы қызметкерлерін оқытуды ұйымдастыру қағидалары бекітілді.

2024 жылдың 15 қаңтарынан бастап М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының оқу орталықтарында орман мекемелері қызметкерлерін кәсіптік даярлаудың апталық курстары басталды.

Өзге сала қызметкерлерін оқу орталықтарында оқыту бойынша осындай сабақтар алғаш рет ұйымдастырылғанын атап өту қажет, бұл оқытудың ерекшеліктерінің бірі оқу орталықтарының оқытушылар құрамының, әкімдіктердің орман инспекциясының және Қазавиаорманкүзеті тәжірибелі қызметкерлерінің бірлескен қатысуы болып табылады.

Дайындық бағдарламасы орман өртінің алдын алу шараларын, сөндіру тактикасын, қауіпсіздік шараларын зерделеуді және орман өрт есептеулерінің іс-қимылдарын практикалық пысықтауды көздейді.

Ағымдағы жылдың 22 қаңтарында Астана қаласының Оқу орталығында орманшылардың кезекті тобының оқу сабақтарының ашылуына ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті Өрт сөндіруді ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі А.М. Құсайынов қатысты.

Іс-шара барысында А.М. Құсайынов Мемлекет басшысының табиғи өрттердің алдын алуға және жоюға бағытталған тапсырмаларын іске асыру бойынша министрліктердің жүргізіп жатқан қызметі, өрт сөндірудің сәтті нәтижесіне қол жеткізу үшін өткізіліп жатқан сабақтардың маңыздылығы туралы хабардар етті. Аяғында ол мұғалімдерге шыдамдылық, ал тыңдаушыларға табандылық пен құлшыныс тіледі.

 

ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті