
23 қаңтарда Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Алматы қаласында болған жер сілкінісі бойынша мәселе қаралды.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов сейсмикалық болжау комиссиясының өткізілген отырысына сәйкес Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін атап өтті.
Өңірлердегі азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілді, командалық-штабтық машиналар орналастырылды, құтқару бөлімшелерінің топтары және халықты хабардар ету жүйесі ден қоюға дайын.
Алматы қаласында зардап шеккен халықты қабылдау пункттері іске қосылды, олар барлық өңірлерде бар. Жақын орналасқан пункттер туралы деректер 2ГИС платформасында және көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі ақпараттық
QR-тақтайшаларда орналастырылған.
Осыған байланысты, өңірлердің тұрғындарынан дүрбелеңге түспеуін және тек ресми дереккөздеріне сенуін сұраймыз.
Қазіргі уақытта өңірлерде ғимараттар мен құрылыстардың, оның ішінде қорғаныш гидротехникалық объектілердің ықтимал бұзылуына комиссиялық тексеру жүргізілуде.
ТЖ министрінің төрағалығыммен Төтенше жағдайлар министрлігінде Республикалық жедел штаб ашылды, осындай штабтар аумақтарда жұмыс істеуде. Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтарымен жедел желі телефондары ұйымдастырылды.
ТЖ департаменттері азаматтардың барлық хабарламаларын тіркеп, дереу шығуды жүзеге асыруда. Сонымен қатар, халық арасында жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер бойынша кең үгіт-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Еске салайық, ағымдағы жылғы 23 қаңтарда түнгі сағат 12-ден 9 минут кеткенде Ұлттық ғылыми сейсмологиялық орталығының деректері бойынша эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде Қырғыз және Қытай Халық Республикаларының шекарасында жер сілкінісі тіркелді.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі