
Жаңаөзен қаласының Қашаған Күржіманұлы атындағы №8 жалпы білім беретін мектептен «Жас құтқарушы» сыныбы ашылды. Бұл Жаңаөзен қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің және Жаңаөзен қаласының білім бөлімі бастамасының арқасында құрылған Жаңаөзен қаласында алғашқы сынып. Алдағы уақытта осы бағытта басқа білім ордаларында «Жас құтқарушы» сыныптарының ашылуы орын алатын болады.
Сыныптың ашылуына Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Бекболат Әбдіқадыров, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағамбетов, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Сейтмолда Мұханов, ТЖД ардагелер кеңесінің төрағасы Ергали Амангалиев және білім беру басқармасының өкілдері, ТЖД ардагерлері қатысты.
Ашу салтанатында лентаны қию мәртебесі төтенше жағдайлар саласының құрметті ардагері, төтенше жағдайлар саласындағы династия отбасын бастаған, Жаңаөзен қаласының «Құрметті азаматы» атағының иегері Сейтмолда Мұхановқа және төтенше жағдайлар саласының ардагері Жақсыбай Бердоңғаевқа берілді.
Патриоттық мәні зор іс-шарада ҚР мемлекеттік туы кіргізіліп, гимн орындалып, салтанатты жиын ашылды.
Жаңаөзен қаласының Қашаған Күржіманұлы атындағы №8 жалпы білім беретін мектебінің 6 «ә» сыныбында оқитын 25 оқушы Отан алдында ант қабылдап, куәліктері тапсырылып, «Жас құтқарушы» қатарына қабылданды.
«Жас құтқарушы» сыныбының мақсаты құтқару ісінің негіздерін меңгеру, төтенше жағдайларды жою бойынша, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету бойынша біліктер мен дағдыларды қалыптастыру, балалар мен жастар арасында салауатты және қауіпсіз өмір салтын насихаттау.
Жаңаөзен қаласының білім бөлімінің келісімі бойынша оқушылардың осы санаттағы оқу бағдарламасына азаматтық қорғау, алғашқы әскери даярлық, осы бағыттар бойынша мамандарды, оның ішінде ТЖБ қызметкерлерін тарта отырып, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету саласында қосымша сабақтар мен факультативтік сабақтар енгізілді.
Сыныптың ашылу дайындығына төтенше жағдайлар бөлім қызметкерлері тарапынан оқушыларға саптық дайындықты үйретіп, азаматтық қорғау саласындағы көрнекті материалдар дайындады.
Ата дәстүрлі замандағы мақал – мәтелдерден де балаларды қауіпсіздікке баулып отырғандығын көруге болады, мысалы: «Балаға байқап сөйлесең – ақылыңа көнер, Шайқап сөйлесең – көрсетер бір «өнер»», «Сумен ойнама –батарсың, Отпен ойнама – жанарсың», «Ойнақтаған бота – от басады», «Ойыннан – от шығар».
Бұл жерде, біз, болашаққа бағыт ретінде, бала қауіпсіздігін алдын алу үшін берік қауіпсіздік іргетасын қалауымыз қажет.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті балаларға көп көңіл бөледі: жыл сайын онлайн режимінде 60-тан аса тақырыпта интерактивті сабақтар кестесі Білім басқармасымен келісіліп, сабақтар өткізіліп келеді, «Оқушы орталығында «Жас құтқарушы» үйірмесімен 15 жылдан аса бірге қызмет атқарып, жарыстар, викториналар, көңілді старт жарыстары, сурет байқаулары, шығармашылық байқаулар, ескерткіштерге, мұражайларға саяхат және тағы басқа шаралар ұйымдастырылып келеді. Алайда, бала қауіпсіздігін алдын алуда қауіпсіздік білім сапасын арттыру артық етпейді.
Сонымен қатар, бала қауіпсіздігінің алдын алуда оның білім беру сапасын арттыруға ерекше назар аударылады, бұл бала кезінен бастап «қауіпсіздік мәдениетінің» пайда болуына әсер етеді.
Маңғыстау облысының ТЖД баспасөз қызметі