Қысқы маусымда автожолдардағы қауіпсіздік ережелері туралы брифинг өтті

Қысқы маусымда автожолдардағы қауіпсіздік ережелері туралы брифинг өтті

Брифингте Жетісу облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Әлібай Сағади сөз сөйледі.

Сөз сөйлеу барысында Әлібай Сағади «Қазавтожол» және жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының мәліметтері бойынша облыс аумағында 12 қарлы учаскесі бар екенін атап өтті. Жыл сайын қыс мезгілінде ауа-райы қиындаған кезде 100-ден астам жүк және жеңіл автомобильдері қардың тұтқынында қалады. Бұл өз кезегінде адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. 2023-2024 жылдардағы қысқы кезеңнің басынан бастап облыс аумағында 185 адам құтқарылды, оның ішінде 13 бала, 58 шетел азаматы, сондай-ақ 33 бірлік техника шығарылды.

Сонымен қатар, вахталық автобустар базасында 8 стационарлық жылыту пункті мен 6 жылжымалы автобус дайындалды. Қыс мезгілінде ауа-райы нашарлаған жағдайда облыстың автожолдарындағы жағдайдың ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында жалпы саны 498 адам және 110 бірлік жоғары өтімді техника бар күштер мен құралдар топтамасы құрылды.

Брифинг соңында спикер Әлібай Сағади азаматтарды қыс мезгілінде алыс жолға шығу кезінде барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Сіз алыс жолға шықпас бұрын таңдаған жолыңыз бойынша ауа-райының болжамын мұқият зерделеуді ұсынамыз.

Автокөлікте төтенше жағдайда Сіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтап қалатын қажетті заттар болуы керек – дәнекерлеу шамдары, кабельдер, доңғалақ тізбектері, күректер, парафинді шамдар, жылы киімдер, сондай-ақ қажетті заттар, азық-түлік, су және жанар-жағармай қоры, телефонға арналған автокөлік зарядтағышы.

Брифинг соңында спикер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап берді.

 

Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі