
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы «Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп гимназиясы» КММ 5-ші сынып оқушыларына арналған «Айбын» атты ең алғашқы кадет сыныбының салтанатты ашылуы өтті. Жас құтқарушылардың кадет сыныбының ашылуы салтанатты шеру мен концерттік бағдарламаға ұласты.
Іс-шараға Сәтбаев қаласы білім бөлімінің басшысы, Сәтбаев қаласы Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушысы, азаматтық қорғау органының қызметкерлері қатысты.
Іс шара барысында Сәтбаев қаласы Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы оқушыларды құттықтап, жас құтқарушылардың бойында жоғары патриоттық сананы қалыптастыру, азаматтық борышын және отан мүддесін қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерді орындауға дайындығы бойынша барлық күш-жігері үшін мұғалімдерге алғысын білдірді. Сондай-ақ ант қабылдаған оқушыларға кадет куәлігін табыстады.
Кадет сыныбын құрудың мақсаты – табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар кезінде жедел дұрыс шешім қабылдау білімі мен дағдыларын дамыту, өрт қауіпсіздігі саласындағы алдын алу, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету бөлігінде жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу болып табылады.
Жас құтқарушылар мектепті бітіргеннен кейін нағыз патриот болып, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға улкен үлесін қосады деген үміттеміз.
Ұлытау облысы ТЖД баспасөз қызметі