Алматы облысында мұздағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша брифинг

Алматы облысында мұздағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша брифинг

2023 жылғы 26 желтоқсанда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Мұздағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысы туралы» тақырыбында брифинг өтті. Брифингте Алматы облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы подполковник Разакулов Ералы сөз сөйледі. Брифинг барысында мұзда жүріс-тұрыс ережелері мен мұзда балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау жөніндегі талаптар айтылды.

Жазатайым оқиғаларды, су айдындарында (мұзда) адамдардың жарақаттануы мен өлімінің алдын алу мақсатында қоғамдық орындарда тұрақты негізінде балық аулау кезіндегі мінез-құлық ережелерін түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізілуде, белсенді профилактикалық жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұйымдастырылуда.

2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап Департаменттің аумақтық бөлімшелері полиция қызметкерлерімен және балық қадағалау инспекциясымен бірлесіп 2156 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды, халық арасында 3140 данадан астам үгіт өнімі (буклеттер, парақшалар) таратылды және мұзда жүріс-тұрыс ережелерін сақтау бойынша 1045 нұсқама өткізілді, «Мұздағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша 17 акция өткізілді 954 адам қамтылды.

Білім беру мекемелерінде  128 интерактивті сабақ өткізілді 2 мыңнан астам адам қамтылды. 32 тыйым салу белгісі орнатылды, облыстың 2 LED экранында қысқы кезеңде су айдындарында қауіпсіздік ережелері бойынша бейнематериалдар көрсетілуде. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу шеңберінде 123 жиын ұйымдастырылды және өткізілді.

Сонымен қатар, 38 аңшылық және балық аулау дүкендерінде, аңшылық және балық аулау құралдарын сату орындарында балық аулау кезіндегі мінез-құлық ережелерін түсіндіру және ақпараттық жадынамалар беру бойынша жұмыс ұйымдастырылды (қазіргі уақытта 1500-ден астам дана таратылды).

Облыстық полиция департаментінің табиғат қорғау полициясымен бірлесіп, «2023-2024 жж күзгі және қысқы балық аулау кезеңінде облыстың негізгі су айдындарында рейдтік іс-шараларды өткізу кестесі» пысықталып бекітілді. Кестеде мұз астында балықты жиі аулайтын орындарын патрульдеуі көзделген.

Жыл басынан бері балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 398 мың 475 теңге сомасына айыппұл салумен 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Брифинг соңында спикер азаматтарды мұзда болған кезде барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды:

1) мұздың жұқа және жетілмеген жерлеріне шықпаңыз;

2) мұздың жекелеген (қауіпті) учаскелерінде топтарға жиналуға тыйым салынады;

3) мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға болмайды;

4) өткелдер үшін бөлінген орындардың шекарасынан тыс көлік құралдарымен мұзға шығуға тыйым салынады;

5) мұз үстінде от жағуға қатаң тыйым салынады;

6) екі тесікті 20 сантиметрден аз қашықтықта, ал екі тесікті басқа жұп тесіктен 2 метрден аз қашықтықта тесі қауіпті;

7) мұзда редукторлар мен қоқыстарды қалдырмаңыз.

Сондай-ақ, қараңғыда, нашар көрінген кезде және мұз қату мен мұз еру кезінде мұзға шығуға жол берілмейді.

 

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі