
Азаматтардың мұз үстінде қауіпсіздік талаптарын сақтамауы салдарынан қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Жыл сайын орын алып жатқан адам қазасы да, көптеген азаматтарға сабақ болмауы, әрине өкінішті-ақ.
Зардап шеккендердің арасында: мұз үстінде балық аулауға шыққан балық аулаушылар, мұз үстінде ойнайтын балалар және жолды кесіп өтетін тұрғындар бар. Дегенмен де өз өмірін тәуекелге тігіп, сақтық шараларын ұмытуға болмайтындығын естен шығармаған абзал.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің мұз үстінде балық аулаушыларға айыппұл салуға құқығы жоқ. Тек қауіпсіздік ережелерін айтып, алдын алу – құтқарушылардың басты міндеті.
Ауа райының жылынуына байланысты облыс көлеміндегі барлық су айдындарында және Жайық өзенінің бетінде мұздың жұқаруына байланысты мұздың төзімділігі сын көтермейді.
Төтенше жағдайлар департаменті және аудандық бөлімдердің қызметкерлері тұрақты түрде жүргізетін профилактикалық шаралар арқылы оқыс оқиғалардың алдын алуға тырысады.
Профилактикалық іс-шара кезінде жұқа мұз үстінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған балық аулаушылар көп болды. Құтқарушылар оларға нұсқама өткізіп, өз өмірлеріне қауіп төндірмеуге шақыруда. Іс-шараның мақсаты – су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу.
Қазіргі таңда өңірде ауа температурасының жылынуына байланысты су айдындарындағы мұздың жұқарғанын аңғаруға болады.
Бүгінде Атырау облысының су айдындарында мұздың қалыңдығы жағалауларында 10-13 см, орта жерлерінде 5-7 см, ал көпір асты өте жұқа 3-5 см құрайды. Бірақ мұның бәріне қарамастан, балықшылар және тұрғындар, ойын балалары жұқа мұзға шығып, өмірлеріне қауіп төндіруде. Құтқарушылар күн сайын балық аулаушылармен және тұрғындармен профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Жайық өзені бойында қауіпті аймақтар анықталып, ол тұстарға «Мұз үстімен өтуге тыйым салынады!» ескерту белгілері орнатылған. Тұрғындардан мұздағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз! Жұқа мұз үстіне топ болып жиналмаңыздар!
Мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар, қарапайым сақтық шараларын орындау - қауіпсіздігіңіздің кепілі! Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!
Атырау облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы