
Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығы алаңында Маңғыстау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығы Рәтбек Демеубергеннің қатысуымен «Жұқа мұзда қауіпсіздік шараларын сақтау туралы» тақырыбында брифинг өтті.
Қыста, оның ішінде теңіз жағалауында мұз пайда болған кезде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Соңғы жылдары қыс мезгіліндегі климаттық өзгерістерге байланысты Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауының кейбір аймақтары қата бастайды, соның салдарынан кішкене мұз қабығы пайда болады.
Қазіргі уақытта, Ақтау қаласындағы аязға байланысты кей жерлерде теңіз беті жағадан шамамен 150 метр қашықтықта мұзбен жабылған.
Бүгінде мұздың қалыңдығы 5 сантиметрге дейін жетеді, бұл адамның салмағын көтере алмайды және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы тиіс.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде адамдар дауылды ауа-райында теңізге сүңгу фактілері немесе тыйым салынған және белгіленбеген орындарында шомылу бойынша бейнероликтер орналастырылып жатыр, бұл ең біріншіден су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу болып табылады.
Осыған байланысты, Департамент азаматтарды ережелерді бұзуға жол бермеуге шақырады, сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің шеңберінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін хабарлаймыз.
Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қысқы кезеңде судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін рейдтер жүргізуде. Түсіндірме профилактикалық жұмыстар Ақтау қаласында, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында, Қарақия ауданы Құрық кентінің теңіз жағалауларында балықшылар арасында жүргізіліп, құтқарушылар балықшыларға ескертпелер тапсыруда.
Осыған орай, егер сіз қиындыққа тап болсаңыз немесе оқиғаның куәгері болсаңыз, құтқару қызметіне «112» бірыңғай нөмірі арқылы шұғыл түрде қоңырау шалу қажет.
Маңғыстау облысы ТЖД
баспасөз қызметі