
2023 жылғы 5 желтоқсанда Түркістан облысында су тасқыны қаупі бар жерлеріне кезекті жоспарлы аралау және тексеру жүргізілді. Мониторингті Түркістан облысы ТЖ департаментінің бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Аскат Ержанов жүргізді.
ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» ЕС-145 тікұшағымен ұшу барысында қардың жиналуы және Түлкібас, Төлеби аудандарындағы Талас-Алатау таулы алқабтарындағы Ақсу, Сайрам-су, Майдантал, Өгем, Қаржантау бағытындағы өзендердің жай–күйі тексерілді.
Қазіргі уақытта облыста қардың еруі байқалмайды. Облыс аумағының қар басқан ауданы 35%-дан 40%-ға дейін.
Жалпы, көктемгі кезеңдегі ТЖ алдын алуға және жоюға 107 мың дана қап, 9,4 мың тонна инертті материал, 7 мың тонна жанар-жағармай дайындалған. Техника мен мотопомпалар дайындыққа келтірілді, эвакуациялау пункттері дайындалды, онда уақытша болуға қажетті жағдайлар жасалған.
Жалпы жыл басынан 9 рет аэровизуалды шолу жасалды. Су тасқыны қауіпті кезеңде гидротехникалық құрылыстар мен оның су режимі тұрақты бақылауда болады.
Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі