
2023 жылдың 20 қарашасында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өрт қауіпсіздігі туралы брифинг өткізілді. Спикер Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары Ибрагимов Нұрсұлтан Жаңабайұлы.
2023 жылдың 10 айда облыста 387 өрт оқиғасы орын алды. Өрт оқиғаларының басым бөлігі, яғни 54,3 % тұрғын үй секторында, 24,4 % пайызы көлікте орын алды. Жалпы айтқанда профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 10 айдың қорытындысы бойынша өрт саны өткен жылғымен салыстырғанда 2,1% азайды.
Орын алып жатқан оқиғалар көбінесе өрт қауіпсіздігі ережелеріне салғырт қараудан, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуден, балаларды қараусыз қалдырудан орын алуда.
Тұрғын жатақханалардағы өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында 2023 жылғы 13-17 қарашада Қызылорда облысының көлемінде «Жатақхана» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Жергілікті әкімдіктермен бірлесе облыс бойынша 1430 тұрғыны бар 15 тұрғын жатақхана нақтыланды.
Аталмыш іс-шараға Полиция департаментінің, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің, жергілікті әкімдіктің, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мекемесінің өкілдері, мемлекеттік емес ұйымдардың еріктілері жұмылдырылып, барлық жатақханаларда тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау түсіндірілді.
Жалпы жылу беру маусымына дайындық кезеңі басталғанан бастап барлығы 35 мың тұрғын үй секторының ауласы араланды. Тұрғындармен 180 рет кездесу ұйымдастырылып, оларға электр жабдықтарын, газ баллонды, пешті, газ пешін қолдану талабы түсіндірілді. 452 тұрғын үйде 474 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды.
Облыста әлеуметтік осал топтарға жататын отбасы 8 243. Оның ішінде 2019 жылдан бастап 7 250 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылды. Өткен жылдардағы жылу беру маусымында орнатылған датчиктер 2 рет дабыл беріп, 11 адамның құтқарылуына себеп болды. 2023 жылғы қараша айында облыс әкімдігіне жергілікті бюджет есебінен 5 мың дана улы газды анықтайтын, 2 500 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктерді сатып алу үшін бюджеттік тапсырыс жолданды.
Ұйым қызметкерлеріне 150 рет дәріс оқылды. Білім беру ұйымдарында 110 рет интерактивтік және ашық сабақ өткізілді. Өрт сөндіру бөлімдеріне 40 рет экскурсия ұйымдастырылды.
Қызылорда облысы ТЖД