2023 жылдың 15 қарашасында ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Кеңес Одағының Батыры Мәлик Ғабдуллиннің ғұмыры мен батырлық жолына арналған «Батыр-тағдыр,ғылыми-ғұмыр» атты ғылыми семинар өтті.
Батырдың туған күніне орай ұйымдастырылған шара дәстүрлі түрде оның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Іс-шараға Академия басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы мен курсанттарынан бөлек Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы А.А.Алин, құрметті қонақтар – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, ғалымдар, мұражай зерттеушілері қатысты.
Семинардың ашылуында сөз сөйлеген Академия бастығы полковник Әлібеков Е.Ә. М.Ғабдуллиннің ерлік істері өскелең ұрпаққа үлгі болып, Батыр есімі Академия үшін ерекше орын алатынын атап өтті. 2021 жылы оқу орнына Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілді. Сондықтан білім ордасы болашақ құтқарушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу аясында жерлесіміздің ерлік істерін насихаттауға үлкен көңіл бөледі.
Семинар барысында ұрпақтар сабақтастығы мен патриоттық тәрбие берудің, Отанға адал қызмет ету парызы туралы жоғары адамгершілік сананы қалыптастырудың өзекті мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалды.
Сондай-ақ шара соңында Асқар Забикулинді еске алуға арналған «Жас қаламгер» атты жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды.
ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы
Азаматтық қорғау академиясының баспасөз қызметі