
Абай облысы мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов бастаған облыстық мәслихат депутаттары жұмыс сапарымен Абай облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің өрт сөндіру бөлімдері мен жедел-құтқару жасағына барды.
Кездесу барысында халық қалаулылары өрт сөндіру бөлімшелерінің ғимараттары мен құрылыстарын және арнайы техникасының жай-күйін қарады, сондай-ақ, өрт-техникалық орталығының мұражайына барып, мұражай экспонаттарын қызығушылықпен тамашалады.
Айта кететін жайт, облыстың төтенше жағдайлар департаментінде жыл сайын өртті сөндіруге және түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған арнайы техника санының артуы байқалады.
Мәселен, 2022 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, оған 9 бірлік өрт техникасы ал 2023 жылы құтқарушылар күніне орай облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев құтқарушыларға жаңа техникалардың кілтін салтанатты түрде табыс еткен болатын. Берілген техникалардың 7 данасы республикалық бюджет есебінен алынған болса, тағы 12 техника жергілікті бюджеттен бөлініп отыр.
Сонымен қатар, Семей қаласының аумағында 3 қосымша өрт сөндіру бөлімшесін ашу және су-құтқару станцияларын салу жоспарланған.
Сапар барысында депутаттық құрам өртке қарсы қызмет пен жедел-құтқару жасағының ғимараттары мен техникасының жай-күйін зерделеп, облыстық мәслихаттың сессиясында олар бойынша бар проблемалық мәселелерді қарастыру қажеттігін атап өтті.
Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі