
2023-2024 жыл жылыту кезеңінің басынан бастап бүгінгі күні Жетісу облысының аумағында 25 өрт тіркелді, олардың негізгі себептері электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу және отпен абайсызда жұмыс істеу болып табылады.
Көбінесе азаматтар тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзады, мұржаларды, түтін құбырларын күйеден тазартудың қарапайым ережелерін елемейді, су жылытудың кеңейту цистернасын оқшаулаудың сенімділігін қамтамасыз етпейді. Жылыту аспаптары мен түтін мұржаларының беттері шаңнан және басқа да жанғыш қалдықтардан жүйелі түрде тазалануы тиіс. Мұржаны уақтылы тазаламау түсі де, иісі де жоқ көміртегі тотығымен улануға әкелуі мүмкін.
Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың төтенше жағдайлар департаментінің гарнизоны жергілікті атқарушы органдармен, полиция қызметкерлерімен, еріктілермен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп профилактикалық рейдтік іс-шараларды, тұрғын үй секторын аралау жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ, пештерді жылыту кезеңіне дайындаудан және алдын-алу жұмыстарын жүргізуден басқа, үйдегі қауіпсіздік үшін қауіпті газ концентрациясына жауап беретін және үй иелерін арнайы сигналмен уақтылы ескертуге мүмкіндік беретін түтін және көміртегі тотығы датчиктерін орнатқан жөн. Көміртегі тотығы датчиктері бүгінде жиі кездеседі. Пешпен жылытылатын үйлердің тұрғындары үшін сенсор қысқы маусымға дайындық кезінде ең маңызды нүкте бола алады. Өйткені, пеш қауіптің жоғары көзі болып табылады.
Облыс әкімдігінің қолдауымен 769 түтін детекторлары мен улы газ датчиктері сатып алынып, бүгінгі күні пешпен жылытылатын үйлерде 427 датчик орнатылды.
Бұл жұмыс жылыту маусымы аяқталғанға дейін тұрақты негізде жүзеге асырылатын болады.
Құрметті облыс тұрғындары! Мұндай салдарларды қайталамау үшін және апат сіздің үйіңізді айналып өтуі үшін жылыту пештерін орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет.
Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі