Оралда «Құтқарушы» аялдамасы ашылды

Оралда «Құтқарушы» аялдамасы ашылды

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов және Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов 19 қазан – Құтқарушылар күні мерекесіне орай жедел-құтқару жасағына арнайы келді.

Айта кету керек, облыстық жедел құтқару жасағы республика бойынша алдыңғы қатардағы жасақтардың бірі. 2001 жылы құрылған жасақ құрамында кәсіби құтқарушылардан бастап 73 адам қызмет етеді. Бүгінде жасақ түрлі деңгейдегі қызметтерді атқаратын техникалармен жабдықталған.

Мекеме басшысы Асқар Орынбасарұлы Килишев қонақтарға база аумағында жеке құрамның күшімен авариялық құтқару жұмысының арнайы техникаларын жазғы және қысқы мерзімдерде сақтау үшін салынып жатқан ангардың құрылыс жұмысының барысы және құтқару шараларын тиімді, қауіпсіз және шұғыл жүргізу үшін қажетті көлік құралдары, авариялық-құтқару жабдықтары, аспаптар мен құрал-саймандармен таныстырды.

Департамент бастығы Е. Өтегенов және қала әкімі М. Сатқанов жедел-құтқару жасағы базасының жанындағы жақында пайдалануға берілген «Құтқарушы» аялдамасын көріп, танысты.

Аялдама Жәңгірхан көшесі бойындағы «Шаған» көпірі маңындағы жедел-құтқару жасағына жақын жерде орналасқан. Аталмыш «Құтқарушы» тақырыптық аялдама тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруды, ақпараттық көмек ретінде де зор мүмкіндік туғызады. Өйткені оның ішінде су айдындарында шомылу кезіндегі, өрт қауіпсіздігі, табиғи және техногендік сипаттағы қауіпсіздік шараларының алдын-алу бойынша жадынамалар, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда шұғыл нөмірлер жазылған ақпараттарға толы.

Бұл «Құтқарушы» аялдамасын салуды ұйымдастыруда Орал қаласының әкімдігі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының үлесі зор болды. Өйткені қазіргі талап бойынша, түрлі төтенше жағдайлардың алдын-алуда жергілікті атқару органдарына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан, бұл талаптарды орындау мақсатында жергілікті халықтың түрлі немесе болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын-алу бойынша шараларды ұйымдастыруда Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті қалалық әкімдік арасында зор байланыс орнатылған. Себебі, адамның өмірі мен денсаулығы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қоғам үшін бірінші тұрған міндет. Осыған сәйкес, халықтың көп шоғырланған орындарында соның ішінде автобус аялдамаларында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету идеясы туындаған болатын.

Бірлескен жұмыс нәтижесінде, «Құтқарушы» тақырыптық аялдамасы пайда болды.

Жеке құрамды құттықтаған қала әкімі мен департамент бастығы аялдаманың халық игілігіне қызмет ететініне зор сенім білдірді.

 

БҚО ТЖД