28237 әскери бөлімінде оқу-әдістемелік жиын өтті

28237 әскери бөлімінде оқу-әдістемелік жиын өтті

28237 әскери бөлімінің базасында взвод, рота командирлері буынындағы әскери қызметшілермен және Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау академиясының курсанттарымен оқу-әдістемелік жиын өтті.

Күнделікті жағдайда, сонымен қатар төтенше жағдайлар туындау кезіндегі жүктелген міндеттерді уақтылы, әрі сәтті орындау үшін жеке құрамның кәсіби дағдыларын жетілдіру - жиынның басты мақсаты болды. Жиынға қатысушылар дәрістік және тәжірибелік сабақтарға, сонымен қатар төтенше жағдайлар салдарын жою бойынша арнайы тактикалық оқу-жаттығуларға қатысты. 

Оқу-әдістемелік жиынның ашылуынан кейін қатысушылармен мемлекеттік-құқықтық, кәсіптік, тактикалық, құтқару, әскери-медициналық және арнайы дайындықтар бойынша сабақтар өткізілді. Сабақтарды Азаматтық қорғау ұлттық орталығының оқытушылары, психологтар және Республикалық жедел-құтқару отрядының, Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің және азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің мамандары жүргізді.

Ағымдағы жылдың 12 қазанында 28237 әскери бөлімінің клубында өткізілген жиынды қорытындылау өтті. Қорытындылау барысында оқу-әдістемелік жиын жетекшісі полковник Әрлен Бүркітбай жеке құрамның жоғары кәсіби іс-қимылдарын, қауіп-қатер жағдайына негізделген ахуал кезіндегі арнайы техниканы дұрыс қолдану тәсілдерін тиімді қолданғанын тілге тиек етті.

Оқу-әдістемелік жиын соңында ерекше ынтасымен көзге түскен құтқарушы мамандар жиын жетекшісінің грамоталарымен және дипломдарымен марапатталды, сонымен қатар барлық жиын қатысушыларына «Құтқарушы» мәртебесінің кітпашалары табысталды.