Өрт сөндіруші мамандығы әрқашан құрметке ие

Өрт сөндіруші мамандығы әрқашан құрметке ие

Құтқарушы – қауiптi, өмiрді тәуекелмен байланыстыратын мамандық. Түрлi табиғи және техногендiк апаттардан адамдарды құтқаруға бағытталған, адамгершiлікке толы, игі мамандық.

Қай уақытта болсын, құтқарушы мамандығының мәртебесі биік. Өйткені олар адам өмірін құтқарумен айналысады. Су тасқыны, өрт, апаттар, тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелерде ең біріншіден  101 нөмірін теріп, құтқарушылардың көмегін сұрайды. Қиындыққа қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді. Лаулаған оттың ортасына кіреді, қансыраған адамды құтқарып, қатыгез қыстың аязында қалғандарға қол ұштарын созады. Төтенше жағдайлар кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі және ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды. Батыл мамандар елдің кез-келген жеріне жедел көмекке келуге дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайды.

Осындай ер жүректі құтқарушының бірі, «Алматы облысы  ТЖД ӨС және АҚЖҚ» ММ Есік қаласындағы №3 өрт сөндіру  бөлімінің бастығы азаматтық қорғау капитаны Мұхтар Жолдабайұлы. Мұхтар Жолдабайұлы Шығыс Қазақстан облысы Үрджар ауданының тумасы. Өзін бала кезден, сыныптасын  құтқарған кезінен бастап,  болашақта құтқарушы боламын деген ой түйсігінде қалыптасқан, қызметін өрт сөндірушіден 2007 жылдан бастаған.

Мұхтар өрт сөндірушілердің жас буынын тәрбиелейді, оларды қызметтік жұмыс негіздерімен таныстырады және жылдар бойы жинаған жұмыс тәжірибесін береді. Мұхтар Жолбайұлы жаңадан келген құтқарушылармен өз білімімен бөлісіп, осы қиын мамандықты игеруге көмектеседі. Іс жүзінде жас қызметкерлерді жабылған есіктерді қалай ашуға және автокөліктердің салондарында қысылған адамдарды қалай шығаруға, құтқарушыларға арналған арнайы жабдықтарды қауіпсіздік ережелеріне сәйкес дұрыс пайдалануға үйретеді.

Бұл мамандыққа кездейсоқ адам келмейді, өйткені, құтқарушы мамандығы жақсы физикалық дайындықты, жүйке бекемділігін, төзімділікті, тасып-тулаған апат алдында қорқынышты жеңе білу қабілеттілігін, мінсіз абырой-беделді талап етеді.

Ержүректілік, батырлық, жанқиярлық – құтқарушыларға тән қасиеттер. Қылықты қыз бен ер баланы тәрбиелеп отырған Мұхтар Жолдабайұлы өзінің ұлы болашақта әкесінің жолын қуып құтқарушы болғанын қалайды. Өйткені оның пікірінше, тек нағыз азаматтар ғана құтқарушы бола алады.

 

                                Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі