Ақмола облысында Асқар Забикулинге арналған мурал пайда болды

Ақмола облысында Асқар Забикулинге арналған мурал пайда болды

Степногорск қаласында Құтқарушылар күні мерекесі қарсаңында Асқар Забикулинге арналған жаңа мурал пайда болды, – деп Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылдың қараша айында өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды құтқару кезінде қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулин бейнеленген арт-объект Степногорск қ. 3-МӨСБ ғимаратының алдыңғы жағында орналасқан.

Батыр-құтқарушының портретін Степногорск қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының және жергілікті атқарушы органдардың бастамасы бойынша Алматылық «AW_borders» компаниясы орындаған болатын. Суретші Абылайхан Сүлейменовтың жұмысына 10 күндей уақыт кеткен. Степногорск қ. ТЖБ бастығы Ержан Қаппасовтың айтуынша, мурал батырды еске алу үшін және арнайы кәсіби мереке, 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай ұйымдастырылған.

«Асқардың ерлігін бүкіл Қазақстан біледі. Бұл мурал – бізге, сондай-ақ оның қыздарына қалған мұралардың бірі болып табылады. Оның ерлігін ұмытпағандарыңыз үшін көп рахмет және де қолдау көрсеткендері үшін қала әкімдігіне алғысымды білдіремін», – деп Асқар Забикулиннің ағасы Эльдар Забикулин айтты.

Қатысушылардың айтуынша, стрит-арт сурет қаланың көрікті жерлерінің біріне айналады.

 Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі