Қазақстанның үздік құтқарушыларының бірі Ауғанстанға жіберілді

Қазақстанның үздік құтқарушыларының бірі Ауғанстанға жіберілді

Жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға Қазақстан ТЖМ үздік мамандары жіберілді.

Солардың бірі – кинолог Дмитрий Денисов  және оның Чарли есімді төрт аяқты серіктесі.

Дмитрий - халықаралық деңгейдегі құтқарушы, азаматтық қорғау жүйесінде 1998 жылдан бастап жұмыс істейді. Өте тәжірибелі маман, практикалық білімі мол.

Ол өзінің қызметтік итімен Іле Алатауы тауларында күрделі климаттық жағдайларда, жоғары қауіп-қатер жағдайында бірнеше рет іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді.

Жұмыс барысында ол 1999 және 2023 жылдары Түркия Республикасындағы жер сілкінісінің салдарын жою жұмыстарына екі рет қатысты. Екі ретте де жұмыс афтершок қайталанған, жоғары қауіп-қатер жағдайында жүргізілді.

Соңғы сәтті жүргізілген құтқару жұмыстарының бірі биылғы жылдың мамыр айында болды. Сол кезде Дмитрий Денисовтың кинологиялық есебі Іле Алатауы тауларында Букреев шыңында төрт туристті тапты, олардың үшеуі шетелдіктер болды.

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі