Өрт сөндіру қызметі туралы сөз қозғалса, әдетте тек өрт сөндірушілер мен олардың жұмысы туралы жиі айтылады. Алайда, кезекші қарауылдың құрамында қызыл жалынмен күресетіндер тек олар ғана емес, сонымен қатар әрқашан елеусіз қалып қоя беретін, бірақ өртті жоюға тікелей қатысатын жандар да бар.
Өрт сөндіру тавтокөлігін жүргізушінің міндетіне тек өрт сөндірушілерді шақырту орнына жеткізу ғана емес, шындығында оның жауапкершілігі біле білсеңіз ұшан теңіз. Өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері қызыл қанатты темір тұлпарларын үнемі жауынгерлік дайындықта ұстап, өрт және басқа да төтенше жағдайларды жою кезінде аталған техниканы ұршықша иіру солардың тікелей жұмысы. Жеке құрамды оқиға орнына жеткізу, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған құрал-жабдықтар мен ең бастысы суды дер кезінде бере білу де соның міндеті. Міне, осындай еңбектің соңында қарапайым жүргізушілер тұратындығын біреу білсе, енді біреу біле бермейді.
Сонымен қатар, жүргізушілер автокөлікті тек жүргізіп қана қоймай, техника бұзылған жағдайда оны өз қолдарымен жөндей білулері де керек. Міне соның барлығын олар шебер атқаруға дағдыланған. Сондықтан, гаражға кіргенде, сіз оларды тіпті машинаның астында жөндеу жұмыстарын атқарып жатқан жерінен жиі ұшыратуыңыз ықтимал. Өрт сөндіру машиналарын жарамды жағдайда ұстау ол өз алдына жеке тақырып. Оларға ешнәрсені де кейінге қалдыруға болмайды, техниканы жөндеуге немесе жабдықты ауыстыруға ол өзі үлгеруі тиіс. Себебі, өрт сөндірушінің ең басты құралы су болса, оны жеткізетін техника, ал техниканы жүргізетін осы жүргізушілер болып табылады. Әрдайым техниканы жарамды күйде ұстау, бірнеше жанның өміріне төнген қауіпті жою деген сөз.
Осынау бір көзге көрінбейтін, бірақ күнде бетпе-бет ұшырасып, айқасқа түсетін отты майданның тағы бір жауынгерлері болып табылатын - өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілеріне бір сөзбен қысқаша осылай баға беруге болады.
Бүгін біз өз саласының майталман мамандары, Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушілері туралы тілге тиек етпекпіз. Олар бір қарауылда жұмыс атқарады және кез келген сәтте бір-бірін қолдауға дайын тұратын азаматтар.
Жүргізуші-қызметкер, азаматтық қорғау аға сержанты Ербол Жетпісбайұлы Жарқынбеков азаматтық қорғау органдарында 2021 жылдың шілде айынан бастап қызмет атқаруда. Бірақ ол бұған дейін ҚР Қарулы Күштерінде 10 жыл қызмет еткен. Ербол Жетпісбайұлы азаматтық қорғау органдарында санаулы жылдар қызмет еткендігіне қарамастан, өзінің кәсіби шеберлігімен және ерекше жоғары жауапкершілігімен өзгелерден дараланып келеді.
Ал жүргізуші-қызметкер, азаматтық қорғау аға сержанты Құдайбергенов Жансерік Жақанұлы азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдың наурыз айынан бастап қызмет атқаруда. Құдайбергенов өзін тек жақсы қырынан көрсетуде және өрттерді сөндіру мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою барысында бірнеше рет өзінің кәсіби шеберлігін көрсеткен жан.
Сондай-ақ, жүргізуші-қызметкер, азаматтық қорғау аға сержанты Қанат Еркін Қанатұлы, азаматтық қорғау органдарында 2019 жылғы наурыз айынан бастап кәсібіне адал қызмет атқаруда. Қызмет атқарған жылдар ішінде Еркін Қанатұлы өзін өте жауапты және еңбекқор қызметкер ретінде көрсете білді.
Өрт сөндіру көлігін тәжірибелі жүргізуші - өртті сәтті сөндірудің басты КЕПІЛІ.
Жамбыл ТЖД