Жақындарыңыздың өмірін сақтап қалатын құрал

Жақындарыңыздың өмірін сақтап қалатын құрал

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің    қызметкерлері тұрғындарды қысқы кезеңге дайындау шеңберінде электр аспаптарын, пешпен жылыту ережелерін түсіндіре отырып, тұрғын үйлерді аралайды. Барлығы 9000-ға жуық үй қамтылған. Нәтижесінде пешпен жылытуды дұрыс пайдаланбағандықтан 4000-нан астам бұзушылық тіркелді.

Бұзушылықтарға талдау жүргізе отырып, ШҚО ТЖД мамандары пештерді жылыту кезеңіне дайындаудан басқа, үйдегі қауіпсіздік үшін көміртегі тотығы датчигін орнатқан жөн деп атап өтті. Бұл қауіпті газдың шоғырлануына жауап береді және бұл туралы үй иелеріне арнайы сигналмен уақтылы ескертуге мүмкіндік береді.

«Жыл сайын департамент қызметкерлері бұл аспаптарды көп балалы отбасылардың, жалғыз басты зейнеткерлердің, мүгедектердің, аз қамтылған азаматтардың үйлерінде орнатады», - деді Шығыс Қазақстан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов. 

Соңғы 4 жылда датчиктердің арқасында барлығы 37 адам, оның ішінде 28 бала құтқарылды.

Көміртегі тотығы датчиктері бүгінде жиі кездеседі. Пешпен жылытылатын үйлердің тұрғындары үшін сенсор қысқы маусымға дайындық кезінде ең маңызды нүкте бола алады. Өйткені, пеш қауіптің жоғары көзі болып табылады. Көміртегі тотығымен улану жағдайлары жыл сайын тіркеледі.

Көміртегі тотығы сенсорын қайда орнатуға болады?

Ең бастысы-құрылғыны пештің жанына орнатпау керек. Бұл көбінесе жалған дабыл тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, сенсорлы аспапты терезелердің немесе желдетудің жанына қоюға болмайды. Ауа ағыны келе жатқан қауіпті газды үрлеп жіберуі мүмкін.

 

 

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі