Алматы облысында газ баллондарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары бойынша брифинг өтті

Алматы облысында газ баллондарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары бойынша брифинг өтті

2023 жылғы 2 қазанда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Газ баллондарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары» тақырыбында брифинг өтті.

Брифингте спикерлер болып ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары М.Т.Танабаев, Алматы облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Е.Бердиханов және Алматы облысы ТЖД бастығы полковник А.Т.Тойчубеков сөз сөйледі.

Өз сөзінде М.Танабаев заңнамалық нормаларға сәйкес жергілікті атқарушы органдар газ тұтыну жүйелерін, тұрмыстық баллондарды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратынын атап өтті. Елді мекен шекарасы шегінде коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларды газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері, сондай-ақ, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес әкімдіктердің құзыретіне газ және газбен жабдықтау саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша тұрғын үй инспекциясының жұмысын ұйымдастыру кіреді.

Алматы облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асхат Бердіханов өз сөзінде ол жылыту маусымына дайындық аясында тұрақты түрде газ тарату және газ желісі ұйымдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру және өткізу арқылы жылыту маусымына дайындалу бойынша іс-шара өткізу қажеттігі турал халықты ақпараттандыру мәселелері жөнінде түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Алматы облысы ТЖД бастығы полковник Асқар Тойчубеков ағымдағы жылдың 9 айында облыс аумағында 455 өрт тіркелгенін және әлі де ең көп өрт тұрғын үй секторында болып жатқанын, онда ағымдағы кезеңде 279 өрт орын алып, 12 адам қаза тапқанын  атап өтті.

Алматы облысының ТЖД тұрғындардан газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды:

- газ баллонды суықтан жылы жерге кіргізуге, оны жылу көздеріне жақын орналастыруға болмайды – оның нәтижесінде күрт кеңею пайда болып, жарылысқа әкелі әбден мүмкін;

- газ баллонды ауыстырмас бұрын, жаңа және пайдаланылған балонның крандары жабылғанына көз жеткізіңіз. Ауыстырғаннан кейін сабын ерітіндісін қолдану арқылы қосылыстардың тығыздығын тексеріңіз;

- баллонды газ плитасына қосу үшін қауіпсіздік қысқыштарымен бекітілген, ұзындығы бір метрден аспайтын арнайы икемді резеңке шлангты пайдаланыңыз. Оның созылуына немесе қысылуына жол бермеңіз;

- газ құрылғыларын қосу ретін қадағалаңыз: алдымен сіріңкені жағып, содан кейін газ беруді ашыңыз;

- тексерілмеген газ баллонды қолдануға болмайды;

- бөлмеде газдың иісін сезгенде, жарылыстың алдын алу үшін сіріңке, оттық жағуға, электр қосқыштарын пайдалануға, ашық отпен немесе темекімен кіруге болмайды.

 

 

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі