
2023 жылғы 28 қыркүйекте ҚР ТЖМ-де ТЖ министрі Сырым Шәріпхановтың төрағалығымен орталық мемлекеттік органдар басшыларының, облыс әкімдері орынбасарларының, комиссия мүшелерінің, Орталық аппараттың басшы құрамының және төтенше жағдайлар министрлігі комитеттерінің қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібі бойынша теміржол көлігіндегі төтенше жағдайлар мен оқиғалар және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарының тармақтарын орындау мәселелері талқыланды.
Қаралып отырған мәселелер бойынша ТЖ министрлігінің, Көлік, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, Павлодар, Маңғыстау және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Сырым Шәріпханов азаматтық қорғау органдары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп теміржол көлігінде және химиялық қауіпті объектілерде ТЖ тәуекелдерін азайту мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Бірақ әлі де шешуді қажет ететін көптеген мәселелер бар. Бұл мәселелер тұрақты бақылауды және шаралар қабылдауды талап етеді", - деп ТЖ министрі атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстары бар хаттамалық шешім қабылданды.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі