
Елордалық ТЖ департаменті жасыл аймақ аумағында өртті тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Оқу жаттығу маслихат депутаттары, «Жасыл аймақ» аумағының өкілдері, ТЖД басшылық құрамы мен жеке құрамның қатысуымен өтті.
Оқу-жаттығу шарттары бойынша демалыстан кейін қалдырылған сөндірілмеген оттың салдарынан өрт ошақтары орман белдеуінен әрі қарай тарала бастайды.
Шақыру орнына қаланың шұғыл қызметтері, оның ішінде ТЖ және полиция департаменттері, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, «Астана Орманы» ЖШС, «Жасыл-Аймақ» РММ, «Зеленстрой» АҚ, «Астана су Арнасы» ММУ келіп, өртті жоюға кірісті. Қатты желдің салдарынан 3 өрт ошағы пайда болды, жақын маңдағы үйлерге таралу қаупі туындады, өрттің ауданы 5000 шаршы метрге дейін таралды. Өрт сөндірушілер барлау жүргізу кезінде зардап шеккендер табылып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.
Оқу-жаттығуға барлығы жеке құрамның 72 адамы, 14 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт толығымен жойылды.
Жаттығудың басты мақсаты орман және орманды дала өрттерін сөндіру бойынша өрттер кезінде қаланың шұғыл қызметтері мен өрт сөндірушілердің өзара іс-қимылдарын пысықтау, өрт сөндірушілердің кәсіби дағдыларын және дайындығы арттыру болып табылады.
Құрғақ шөптің жануы уақытында жойылмаса, үлкен шығынға әкеп соқтыруы мүмкін. Көп жағдайда өрт шыққан жерде құрылыстар мен тұрғын үйлер орналасқан мекендер зардап шегеді. Бұл орайда табиғи өрттердің шығуына 72-ден 99%-ға дейін себепкер адами фактор болып отыр.
Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары!
Табиғат аясына шыққан кезде, сөндірілмеген темекі, сіріңкелерді лақтырмаңыздар, аң аулауға шыққанда бықситын материалдардан жасалған оқ тығынын пайдаланбаңыздар. Алауды тек топырақ қабатына дейін тазартылған алаңға жағыңыз. Дем алатын жерден кетерде отты сумен сөндіріңіз немесе ошақтың жануы толық тоқтағанға дейін топырақ лақтырыңыз. Шыны ыдысты және сынған шыныны қалдырмаңыз.
Басталған өртті сумен және ұзындығы 2 метрге дейінгі жапырақты ағаштардың бұтақтарымен сөндіріңіз немесе топырақ лақтыруыңызға болады.
Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі