Орман алқаптарындағы өрттерді сөндіру шараларын пысықтау бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу

Орман алқаптарындағы өрттерді сөндіру шараларын пысықтау бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу

Ағымдағы жылғы 19 қыркүйекте облыс бойынша Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерімен бірлесіп орман алқаптарындағы өрттерді сөндіру шараларын пысықтау бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырып, өткізді.

Шараның мақсаты - орман өрттерін сөндірудегі бірлескен іс-қимылдарды пысықтау және өртке қарсы қызмет гарнизоны, орман шаруашылығы мекемелерінің, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің төтенше жағдайларды жоюға дайындығын тексеру.

Оқу-жаттығуға Орал, Ақжайық, Январцево орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері, Орал қаласының әкімдігі, ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ БҚО филиалы, жедел жәрдем, қоғамдық тәртіпті қорғау қызметтері, Орал қаласы коммуналдық қызмет, «Ұлттық ұлан» 5517 әскери бөлімі және «Қазавиақұтқару» АҚ күштері мен құралдары, барлығы 131 адам, 31 бірлік техника, 2 жүзу құралы және 1 тікұшақ жұмылдырылды.

Жаттығудың кіріспесі бойынша Орал орман шаруашылығы аумағында найзағай түсіп, салдарынан орман өрті орын алған болатын. От жалыны сол маңдағы «Меловые горки» елдімекені және «Казинское» саяжай үйлеріне қауіп төндірді. Сондай-ақ, өртті сөндіру кезінде оқиға орнынан шартты түрде жарақат алған екі адам құтқарылды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем бригадасының көмегі арқылы «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен медициналық мекемеге шұғыл түрде жеткізілді.

Жеке құрамның жедел іс-қимылдары арқасында өрттің елдімекендерге, сондай-ақ орманның өзге де бөліктеріне таралуына жол берілмей, дер кезінде ауыздықталып, толық сөндірілді.

Сонымен бірге, жаттығуға Орал қаласы мәслихатының депутаттары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Атқарылған шараны қорытындылау барысында өңір депутаттары және БАҚ өкілдерінің тарапынан бұл оқу-жаттығудың табиғат байлығын, сондай-ақ, тұрғындарды төтенше жағдайлардың салдарынан қорғаудың маңыздылығы мен шынайы жағдайға барынша теңестірілген жоғары деңгейде өткізілгені атап өтілді.

 

БҚО ТЖД баспасөз қызметі