
ШҚО ТЖД қызметкерлері пешті жағу маусымы басталмас бұрын халықты алдын ала дайындай бастады. Ең алдымен, 3000-нан астам әлеуметтік қорғалмаған отбасы тұратын үйлерді аралайды. ТЖ қызметінің өкілдері пештерді тексереді, өрттің алдын алу бойынша ұсыныстар береді және өрттер мен улы газдан улануды болдырмау үшін шұғыл түрде жою қажет бұзушылықтарды көрсетеді. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған үйлерде жергілікті атқарушы органдар мен қамқор демеушілер жыл сайын сатып алатын улы газ датчиктерін орнату жүріп жатыр.
«Күзгі-қысқы кезеңнің басталуымен, қатты отынмен жұмыс істейтін пештер белсенді пайдаланылған кезде, өрт қауіпсіздігі мәселесі ерекше өзектілікке ие болады. Өткен жылыту маусымында улы газ датчиктері Глубокое және Ұлан аудандарында дер кезінде іске қосылып, 8 адам құтқарылды. Соңғы 4 жылда дабылдардың арқасында барлығы 37 адам құтқарылды, оның ішінде 28 бала. «Ақылды құрылғыларды» ең алдымен көп балалы отбасылар, жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, аз қамтылған азаматтар тұратын жерге қоямыз»,-деп Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин атап өтті.
Құтқарушылар аспаптарды орнату бүкіл облыс бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. Кезекті рейд барысында ТЖД қызметкерлері Верх-Березовка кентіне барып қайтты. Датчиктер көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне орнатылды, олар үйлерін қатты отынмен жылытады. Улы газ датчиктері бүгінде жиі кездеседі. Олардың көмегімен пештерді пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелері бұзылған жағдайда үй-жайға таралуы мүмкін көрінбейтін және сезілмейтін улы газды үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуге болады. Улы заттардың рұқсат етілген концентрациясы жоғарылаған кезде улы газ датчигінің дабылы іске қосылады және қауіп туралы хабарлайтын дыбыстық авариялық сигнал беріледі. Сонымен қатар, ШҚО ТЖД пештерді жылыту кезеңіне дайындау кезінде үй иелеріне қазірдің өзінде бар жарықтарды жою, мұржаларды тазалау, пештің алдына төселетін темір төсемелерін орнату қажеттігі туралы еске салады.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі