
Жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтері, ШҚО ТЖД күштері мен құралдары қатысады. Негізгі міндет-жойқын жер сілкінісі қаупі төнген және туындаған кезде әрекет етуге қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру, ТЖ жою жөніндегі барлық қызметтердің іс-қимылдарының, сондай-ақ эвакуациялық іс-шаралардың үйлесімділігін жетілдіру.
Оқу-жаттығудың бірінші күнінде құлақтандыру және байланыс жүйелерінің дайындығы тексерілді, бүкіл облыс аумағында сейсмикалық жаттығулар ұйымдастырылды.
Жер сілкінісі жағдайында іс –қимыл пысықталған объектілердің бірі – «Өскемен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы", онда үш қабатты ғимаратта 100-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетіледі. «Баршаның назарына!», объектінің персоналы азаматтық қорғау органдарын хабардар ете отырып, адамдарды ғимараттан эвакуациялауды бастайды. Бұл іс-шара үшін 15-20 секунд уақыт қарастырылған. Жаяу жүре алмайтын және үй-жайдан кетуге үлгермеген науқастар қызметкерлердің көмегімен ғимараттағы қауіпсіз орындарға орналастырылады. Орталықтан шыққан адамдар электр желілері мен ғимараттан қашықтықта орналасқан арнайы алаңға жиналады. Объект персоналы пациенттердің бар-жоғын тізім бойынша салыстырады. Маман дәрігерлер адамдарды тексеріп, жылы және қажетті заттармен қамтамасыз етеді.
Обьектіде жер сілкінісі нәтижесінде болған өртті сөндіру де пысықталды.
Шығыс Қазақстан облысында оқу-жаттығу кезінде штаб құрылды. Әрбір қызметтің эвакуацияланатын халықты орналастыру, тамақтану, медициналық және психологиялық көмек көрсету, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына арналған техниканың жұмысын ұйымдастыру бойынша өз міндеті бар.
12 қыркүйекте жойқын жер сілкінісі болған жағдайда азаматтарды эвакуациялау мен құтқаруды пысықтаумен практикалық жаттығулар өткізіледі, зардап шеккен халық үшін шатырлы лагерь ашылады.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі